Байғанин ауданында 49 отбасы баспаналы болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында 16 пәтерлі екі қабатты 2 тұрғын үй және 17 жеке үй тұрғындар игілігіне берілді.
Кілттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, шараға аудан әкімі Айбек Көпенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғали Әлжанов және қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Тәжімұратов қатысып, пәтер иелерін құттықтады.
Аудан басшысы Айбек Көпенов соңғы үш жылда аймақта тұрғын үйлерді пайдалануға берілмегенін, алдағы уақытта Мемлекет басшысының азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасын табатынын құттықтау сөзінде айтып өтті.
Берілген екі қабатты 16 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй – Қарауылкелді ауылындағы Аэропорт көшесінде орналасқан №83 және №86 үйлер. Еске салсақ, бірнеше жылдан бері проблемалық нысандар қатарына енген бұл үйлерге былтыр Байғанин ауданына жасаған алғашқы жұмыс сапарында өңір басшысы Асхат Шахаров барған еді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жобаға түзету енгізіліп, нысандардың құрылысы қайта жанданды. Мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігерлер «АймарСтройСервис» ЖШС және «Рустем-ТехСтрой» ЖШС аяқтады.
Ал 17 тұрғын үй – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер. Оған бюджеттен 301 923,0 млн.теңге қаражат бөлінді.
Барлық 49 баспана үйге мұқтаж, кезекте тұрған байғаниндіктерге бөлініп берілді. 10 пәтердің кілті – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 13 пәтер – көпбалалы отбасыларға, 16 пәтер – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатындағы тұрғындарға табысталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатындағы 6 адам баспаналы болды. Жалғыз тұрғын үйі ел заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған 4 аудан тұрғыны жаңа үйге қоныс аударды. Аталғандардың ішінде С.Жиенбаев көшесіндегі ескі үйлерде тұрған азаматтар да бар.
«Баспаналы болуды көптен армандап жүргенбіз. Аэропорт көшесіндегі №86 үйдің №8-пәтердің кілтін алып, қатты қуанып тұрмын. Іші жылы, жарық, әдемі екен. Осындай қуанышқа менімен қатар 50-ге жуық отбасы кенеліп жатыр. Бұл дегеніміз аудан үшін үлкен жаңалық деп ойлаймын. Тұрғындар риза, атсалысқан барлық азаматтарға рахмет айтамын. Ауданда осындай нәтижелі жұмыстар атқарыла берсін», – деп ауыл тұрғыны Айгүл Байгутдиева қуанышымен бөлісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/912060


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version