Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі (ҚР ҰЭМ) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған бұйрық жобасын ұсынды. Құжат бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері мен стандарттарын енгізуді көздейді, бұл барлық қолдау құралдарының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жобаға сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларының тізілімі құрылатын болады. Бұл – 100-ден астам қаржылық, мүліктік және қаржылық емес құралдарды қамтитын құрылымдалған тізім. Тізілім кәсіпкерлер үшін қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізетін орталықтандырылған дереккөзге айналады. Мемлекеттік органдар ақпаратты уақтылы жаңартып, оның дұрыстығына кепілдік беруге міндетті.
Жоба аясында мемлекеттік қолдау шараларының үлгілік стандартын бекіту жоспарлануда. Онда:
– мемлекеттік орган-әкімші және қолдау операторы;
– көмек көрсету форматы (онлайн немесе офлайн);
– қолдауға үміткер санаттар (оның ішінде әлеуметтік, әйелдер, жастар және отбасылық кәсіпкерлік);
– өтінімдерді қарау мерзімі және шешімдерді даулаудың тетіктері белгіленеді.
Қосымша түрде ұсынылатын шаралардың тиімділігін мониторингтеу жүйесі қарастырылған. Мемлекеттік органдар қолдаудың нәтижелерін тұрақты түрде талдайды, ал кәсіпкерлер шағым беру және өз құқықтарын қорғау алгоритмін нақты түсінетін болады.
«Тізілімнің құрылуы – мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға жасалған маңызды қадам. Енді кәсіпкерлерге ақпаратты әртүрлі дереккөздерден іздеудің қажеті жоқ», – деп атап өтті министрлік.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Талқылау 2025 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/954582

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау