Еріктілер паспорты және сандық платформа: қарағандылық еріктілер үшін жаңа мүмкіндіктер

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдің белсенді еріктілерімен кездесті. Кеңесте көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары талқыланды, сондай-ақ еріктілердің қызметін үйлестіру үшін цифрлық база құру туралы айтылды.
Әлібек Әлденей өткен жылы су тасқыны кезінде еріктілердің қажырлы еңбегін атап өтті.
– Елімізде еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жыл еріктісі» халықаралық премиясы тағайындалып, 230-дан астам волонтер марапатталды. Бүгінде Қазақстанда 275 мыңға жуық ерікті бар. Ал біздің облысымызда еріктілер ұйымдарына 5 мыңнан астам адам мүше. Сіздердің әрқайсыңызды «Адал азамат» деген атаққа лайық деп білем, – деп атап өтті ол.
Облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері биыл қалың қардың жаууына байланысты кез келген жағдайға толық дайын болу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған бастамалар ұсынылды. Қарағанды облысында 5 мыңнан астам еріктілердің жұмысын үйлестіру үшін цифрлық база құру туралы жарияланды. JasProKrg платформасы арқылы әрбір еріктінің қызметі тіркеледі және жинаған баллдарының саны бойынша үздіктер анықталады. Жиналған балдардың негізінде ай сайын облыстың үздік еріктілерінің рейтингі жасалып, жарияланатын болады.
Жыл қорытындысы бойынша үздік еріктілер марапатталады. Бұл үшін облыстың жоғары және арнаулы оқу орындарында оқуға гранттар, өңірдің шипажай-профилакторийлеріне жолдамалар, беделді компаниялар мен кәсіпорындарда тағылымдамадан өту және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Рейтинг Еріктілердің цифрлық паспорты арқылы анықталады. Осы құжат негізінде гранттар алу және жұмысқа орналасу кезінде басымдық берілетін болады.
Кездесу барысында алғаш рет Балқашта еріктілердің республикалық форумын өткізу ұсынылды. Balkhash Tour Fest аясында өтетін шара еріктілер қызметін дамытуға септігін тигізіп қана қоймай, қаланың туристік әлеуетін арттыруға серпін береді.
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова белсенді жастардың қоғам дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.
– Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының көрсеткіші. Еріктілерді қолдау және олардың қызметін ынталандыру – біздің басты міндетіміз. Волонтер паспорты мен JasProKrg платформасы арқылы біз еріктілердің еңбегін лайықты бағалап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз, – деді ол.
Кездесу соңында Әлібек Әлденей еріктілердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың азаматтық белсенділігі мен жанашырлығын жоғары бағалады. Өз тарапынан Қарағанды облысының еріктілері алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін мәлімдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/956915


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version