2025 жылғы 18-20 наурызда Алматыда Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің дәстүрлі спорт және ойын түрлеріндегі материалдық емес мәдени мұра мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ЮНЕСКО және Азия-Тынық мұхиты өңірінің материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі халықаралық ақпараттық-желілік орталығы (ICHCAP) ұйымдастырды.
Сараптамалық кеңестің жұмыс орталығы Алматыдағы Олимпиадалық даярлық орталығы болды, онда халықаралық ұйымдардың, ұлттық федерациялар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналды. Қатысушылар қатарында UNESCO ICHAP стратегиялық даму жөніндегі бас директоры Доксун Ким – (Deoksoon Kim), Еуропалық дәстүрлі ойындар мен спорт қауымдастығының президенті Пере Лавега (Pere Lavega), Бейбітшілік спорты үшін дүниежүзілік қоғамның президенті Ли Джонг Ен (Lee Jong Young), ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңесшісі Филипп Деланж (Philippe Delanghe), ҚР ТСМ вице-министрі Серік Жарасбаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт түрлері басқарма басшысының м.а. Еламан Махамбетов, бұқаралық спорт басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы, Қазақстан Республикасының ұлттық спорт қауымдастығының және “Жамбы ату” ұлттық спорт федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жетекші сарапшылары, Қазақстанның дәстүрлі спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияларының басшылары және салалық ведомствоның мамандары болды.
Ресми ашылу ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың ұлттық бірегейлікті нығайтуда, мәдени мұраны сақтауда және бірлік рухын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен сақтаудың маңыздылығын атап өткен құттықтау сөзінен басталды.
“ЮНЕСКО-ның жаһандық бастамалары аясында біз осы спорт түрлерін жандандыру, оларды білім беру бағдарламаларына қосу, сондай-ақ бірлескен жарыстар мен фестивальдер өткізу бойынша тәжірибе және идеялар алмасу үшін халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастыққа ұмтыламыз.
Біздің ЮНЕСКО-мен серіктестігіміз дәстүрлі спорт түрлерін Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қолжетімді және танымал ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз өз жетістіктерімізбен бөлісуге және ортақ іске үлес қосуға дайынбыз”, – деді Серік Жарасбаев.
Панельдік пікірталас барысында қатысушылар “Ұлы Жібек жолындағы дәстүрлі ойындар мен спорттың жаһандық рөлі мен болашағы”, “Дәстүрлі спорт пен ойындардың мәдени маңызы мен өзекті мәселелері”, “Халықаралық ынтымақтастық және дәстүрлі спорт пен Ойындар саласындағы үрдістер”, “Халықаралық фестиваль ретіндегі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының келешегі мен сын-тегеуріндері” атты негізгі тақырыптарды талқылады, сондай-ақ Орталық Азиядағы дәстүрлі спорт пен ойындардың қазіргі жай-күйін және оларды Ұлы Жібек жолы бойында жаңғырту стратегиясын қозғады.
“Қазақстанның дәстүрлі спорт түрлері күні” атты жеке шара ретінде көшпелі сессиясы болды, оның барысында қатысушылар елдің ұлттық спорт дәстүрлерімен танысты.
Сараптамалық кеңес дәстүрлі спорт пен ойындарды сақтау және насихаттау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаңға айналды. Отырыстың қорытындысы бойынша оларды Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде одан әрі дамыту үшін стратегиялық ұсынымдар әзірленетін болады.
Отырыс жазбалары ЮНЕСКО және ICHCAP сайттарында, сондай-ақ ресми YouTube арнасында қолжетімді болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/961996?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау