Мәслихат сессиясы: Алдағы жұмыстың жоспарлары анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы өтті.

 

Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен қалалардың әкімдері, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қоғамдық кеңестің, БАҚ өкілдері қатысты.

 

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттардың бірі – білім, туризм және спорт салалары.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың маңындағы Қосшы қаласының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтіп, мұнда орта арнаулы білім беру мекемелерін құрудың аса қажеттігін айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қосшыда халықаралық деңгейдегі республикалық колледж салуды тапсырды. Бұл оқу орны жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған заманауи білім орталығына айналады.

 

Бүгінгі мәслихаттың сессиясында облыс әкімі Марат Ахметжанов осы жобаның жүзеге асырылу барысымен бөлісті. Оның айтуынша, жаңа білім беру кешені жастардың сапалы білім алуына жол ашып қана қоймай, өңірдің кәсіби мамандарды даярлау саласындағы беделін арттыруға ықпал етеді.

 

Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар аясында Бурабайда жаңа Конгресс-орталық салынады. Ол іскерлік және іс-шара туризмін дамыту үшін маңызды алаңға айналмақ. Ал облыс орталығында Қазақстанда теңдесі жоқ көпфункциялы спорт кешенін салу жоспарланып отыр.

«Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына зор серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Сонымен қатар, бұл бастамалар инвесторлар мен туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттырады. Ең бастысы – бұл ұзақ мерзімді жоспар емес, біз бұл жобаларды дәл қазір жүзеге асыра бастаймыз. Ақмола облысы жаңа деңгейге көтерілуде, бүгін біз оның табысты дамуының іргетасын қалап жатырмыз» – деп атап өтті өңір басшысы.

Биылғы жылы 20 білім беру нысанын жаңартуға, денсаулық сақтауды, сумен жабдықтауды, тұрғын үй-коммуналдық саланы, көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үйлер салуға қаражат көзделген.

 

Сондай-ақ, сессияда 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды, Денсаулық сақтау саласындағы мәслихат шешіміне, сондай-ақ облыс әкімдігінің бірқатар консультативтік-кеңесші органдарының құрамына өзгерістер енгізілді. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

 

Облыс әкімі депутаттық корпустың бюджетті қалыптастырудағы және оның орындалу сапасын бақылаудағы рөлін атап өтті, халық қалаулыларына қолдауы мен жемісті бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/960852?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version