ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН “БАБАЛАР ІЗІМЕН” ОБЛЫСТЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

       Батыс Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерінен өтетін “Бабалар ізімен” облыстық лигасының ашылу салтанаты үлкен қуанышпен өтті. Салтанатты шараға БҚО әкімінің орынбасары Меңдіғалиев Қайыржан Ермекұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ұлттық спорттың мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, жастарға бабалар дәстүрін жалғастыруда табыс тіледі.

       Ұлттық спорт күнінің құрметіне орай ұйымдастырылған лиганың ашылу рәсімі өңіріміздің спорт сүйер қауымын қуантты. Орал қаласы мен облыстың әр ауданынан келген командалар өзара күш сынасып, ұлттық спорттың үздіктері атану үшін бақтарын сынауда. Дүбірлі додада спортшылар: Тоғызқұмалақ, Асық ату, Қазақ күресі, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілуден жарысқа түседі.

      Сонымен қатар лига аясында ұлттық спортты дамыту мен насихаттауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар жоспарланған болатын. Соның бірі – жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған семинар-практикум өтті. Семинар 18 – 19 наурыз күндері ұйымдастырылып, ұлттық құраманың бас бапкерлері, федерация басшылары және халықаралық дәрежедегі төрешілер тарапынан жүргізілді. Бұл семинарлардың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерінің сапасын арттыру, жаттықтырушылар мен төрешілердің тәжірибесін жетілдіру.

       20 наурыз – Ұлттық спорт күні деп белгіленуіне орай, дәл осы күні лиганың алғашқы жарыстары басталды. Біріншілік барысында спортшылар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайды.

        Ұлттық спорт – ұлттың төл мұрасы, оның келешегі үшін маңызды әрі құнды элемент! Лига аясында болатын жарыстар облысымызда ұлттық спортты одан әрі дамытуға мүмкіндік беріп, келешек ұрпаққа ата-бабаларымыздың мұрасын сақтап қалу жолындағы үлкен қадам болмақ.

 Айта кетсек, ұлттық спорттың басқа түрлері арнайы бекітілген кестеге сәйкес өтеді. Лига 3 мамырда аяқталады.

 

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-sport/press/news/details/961946?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version