⚜️⚜️⚜️ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАЗАҚСТАН АУЫЛЫНДА ӨТТІ.
2025 жылдың 21 наурызында Жағатал ауылдық округі, Қазақстан ауылының орталық алаңында әкімшіліктің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі аталып өтті. Округ әкімі Қайрат БерікбайұлыТұрлыбеков ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық тілеп, ауылымыздың гүлденіп, жандануына тек бірлікпен жететінімізді атап өтті. Құттықтау сөзін Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Р. Басшығұл мен Қоғамдық кеңестің төрағасы Б. Беисенбаев жалғастырып, олар өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Ардагерлер кеңесінің мүшесі Ө. Қойшыбай атамыз барша жиналған қауымға ақ батасын берді.
Іс-шара барысында шашу шашылып, “Ақ-зере” әжелер ансамблі ән шырқады, ал ауыл жастары мен мектеп оқушылары мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды. Әжелеріміздің айтуы бойынша, дәстүрдің озығы мен жазығы бар, өткеннен жеткен асыл мұраларымызды ұмытпай, жастарға насихаттауымыз керек. Осы мақсатта әжелеріміз “Бесікке салу” және “Ат қояр” рәсімдерін халық назарына ұсынды.
Округ мекемелері мен ауыл тұрғындары көше аттары бойынша ақ дастархандарын жайып, қонақтарға қазақ халқының ұлттық дәмдерінен ұсынды. Барлық ұйымдастырушылар мен қатысушылар округ әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шара ары қарай ауыл жастары арасында ұлттық ойындармен жалғасты. “Қол күрес”, “Арқан тартыс”, “Гір тасын көтеру” сияқты түрлерінен қызу талас басталып, жеңімпаздар анықталып, округ әкімінің мадақтама грамотасы мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Наурыз мерекесі аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары мерекелік көңіл-күймен үйлеріне тарады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-zhagatal/press/news/details/962142?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау