Ұлытау облысының орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы атап өтілді. Ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылған мерекеге облыс тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, қазақтың ұлттық дәстүрлерін ұлықтау мен салт-дәстүрді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шарада Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Өңір басшысы ұлық мерекенің бірлік пен достықты нығайтудағы маңыздылығын атап өтіп, «Наурызнама» онкүндігінің айрықша маңызына тоқталды.
Мереке аясында жерлестерімізге эстарадамыздың «Made in KZ» және «Тұран» тобы жұлдыздары мен Тайжан Қалмағанбетов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Одан бөлек, ұлттық спорт ойындарынан, асқа бата беру және ұлттық тағам түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар жүлдегер атану үшін өзара жарысқа түсті.
Биыл Ұлытау облысы бойынша 90-ға жуық киіз үй тігілді. Оның 22-сі Жезқазған қаласында орнатылды. Киіз үйлер ұлттық дәстүрді насихаттайтын ерекше орын ретінде қарастырылып қана қоймай, безендірілуімен, мерекелік ерекше атмосфера сыйлауымен, ұлттық тағамдарды ұсынуымен өзара сайысқа түсіп, үздіктері анықталды.
Атап айтар болсақ, Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасы тіккен киіз үй бірінші орын, Жаңаарқа ауданының шаңырағы екінші орын, ал Сәтбаев және Қаражал қалаларының киіз үйлері үшінші орынға ие болды.
Ұлытау облысы биылғы Наурыз мейрамында ұлттық бірлік пен татулықты, салт-дәстүрді ұлықтап, халықты ұйыстырып, мейрамды елдің игілігіне айналдыруға үлес қосты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/962191?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау