Францияда Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандықтар туралы жаңа деректер табылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Париж, 2025 жылғы 28 наурыз — Франциядағы Қазақстанның Елшілігінің бастамасымен, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған еске алу шаралары аясында тарих ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің (Satbayev University) профессоры Гүлнара Меңдіқұлованың жұмыс сапары өтті. Сапардың мақсаты — Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан Қазақстан солдаттары туралы ақпарат жинау және олардың Франция жеріндегі соғыс әрекеттеріне қатысуын зерттеуді жалғастыру болды.

Гүлнара Меңдіқұлова — Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы саласындағы Қазақстанның жетекші ғалымдарының бірі, ол ғылыми мансабын қазақстандықтардың Еуропадағы әскери іс-қимылдарға қатысуын зерттеуге арнаған. Ол «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетел архивтерінен алынған құжаттар» атты кітаптар сериясының және қазақстандықтардың Қарсыласу Қозғалысына қатысуы туралы мақалалардың авторы.

ҚР Париждегі Елшілігі мен Страсбург қаласындағы Бас консулдығы дипломаттары мен Әскери атташе апаратының көмегімен профессор Г.Меңдіқұлова Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Қарулы күштер министрлігінің архивтерін, Ұлттық архивты, сондай-ақ Ұлттық тілдер мен өркениеттер кітапханасының архивін (BULAC) зерттеді. Сонымен қатар, ол Нормандия, Лотарингия аймақтарының, Сарргемин, Форбах және Мец қалаларының муниципалдық архивтерін, сондай-ақ «Bains Saint Jean» әскери тұтқындар лагерін тексерді. Бұдан бөлек, Қазақстан солдаттарының Франция жеріндегі жерленген орындары туралы нақты деректерді анықтау мақсатында жергілікті билік органдары, архивтік және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесулер мен келіссөздер жүргізді.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Г.Меңдіқұлова Қарсыласу Қозғалысына қатысқан 7 қазақстандық туралы құжаттарды және «Chambière» ұлттық әскери некрополінде жерленген 20-дан астам қазақстандықтың тізімін анықтады.

Қазақстандық ғалымның қажырлы ізденістерінің қорытындылары ү.ж. 25 наурызда Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: Франциядағы жаңа деректер» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында жарияланды. Іс-шараға Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Қарулы күштер министрлігінің, Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS), Ұлттық тілдер мен өркениеттер кітапханасы (BULAC) өкілдері, сондай-ақ белгілі француз тарихшылары, зерттеушілер және Нормандия аймағының аймақтық кеңесшісі қатысты.

Г. Меңдіқұлова архив деректері мен іздеу зерттеулерінің нәтижесінде алынған жаңа мәліметтерді ұсынды. Презентация қатысушылардың қызығушылығын туғызды, олар бұл материалдардың қазақстандықтардың Францияны азат ету кезіндегі Қарсыласу Қозғалысына қосқан үлесін тереңірек зерттеуде және олардың нацизмге қарсы күресте ерліктерін есте сақтауда ерекше маңыздылығын атап өтті.

Франциядағы Қазақстан Елшілігі іздестіру жұмыстарын жалғастырады және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция аумағында шайқасып, қаза тапқан отандастарымыздың ерлігін есте сақтау мен олардың Жеңіске қосқан үлесі туралы мәліметтерді кеңінен тарату мақсатында барлық мүдделі тараптарды осы бастамаға қатысуға шақырады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-paris/press/news/details/965454?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version