ОРДАБАСЫ ТАУЫНДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бакдаулет Джумабеков, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Дулат Абиш, Гани Раймбеков, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, ел ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты. Ұлттық дәстүріміздің жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығының нығаюына үлес қосатын бұл мереке елдің бірлігі мен татулығын айшықтай түсті.
Ордабасы тауының үстіне тігілген қазақтың киіз үйлері – ұлттық салт-дәстүр мен қонақжайлылықтың айқын көрінісі болды. Әрбір шаңырақта қонақтарға дәм ұсынылып, қазақы қонақжайлық көрсетілді. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, ақ жаулықты әжелердің құйған қымыран, қымызынан сусындады.
Наурыз тойының басты ерекшелігі – ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар. Көкпар, арқан тартыс, қазақ күресі сынды спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырды. Балуандар белдесіп, білекті жігіттер өз күштерін сынап, мереке көркін қыздырды. Сонымен қатар, қолөнер және кәсіпкерлік көрмелері ұйымдастырылып, аудан шеберлерінің туындылары көпшілікке таныстырылды.
Мерекелік шара аясында аудан өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, Наурыздың сәнін арттырды. Ұлттық дәстүрге негізделген қойылымдар, ән мен күй, жыр мен терме көрермендердің көңілінен шықты.
Бұл күн – тек көктемнің келуін тойлау ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін дәріптейтін, татулық пен ынтымақты нығайтатын айтулы мереке. Ордабасы тауында аталып өткен Наурыз мейрамы ел бірлігі мен дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ordabasy-maslihat/press/news/details/964888?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау