Қауіпсіздік, профилактика, тәртіп: ШҚО полициясының басымдықтары
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Серік Манапов жұмыс сапарымен Зайсан және Тарбағатай аудандарының полиция бөлімдеріне барып қайтты.
Зайсан ауданында ол жеке құрамға аудандық полиция бөлімінің жаңа бастығы – Ішкі істер министрінің бұйрығымен тағайындалған майор Майзақов Нұрболат Дәулетбекұлын таныстырды. Майзақов Нұрболаттың ішкі істер органдарында 20 жылдық тәжірибесі бар, жедел қызмет саласында мол тәжірибе жинақтаған. Бұған дейін ол Зайсан аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Полковник Манапов оның басшылығымен бөлім қызметінің жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім білдіріп, заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, жеке құрамға 2025 жылға арналған негізгі міндеттерді жеткізіп, атап айтқанда, алдағы жыл Профилактика деп жарияланғанын еске салды.
«Полиция қызметкері қоғам тынысын жіті сезініп, құқықбұзушылықтарға тек әрекет етіп қана қоймай, олардың алдын алу шараларын жүргізуі тиіс. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, заң нормаларын түсіндіру арқылы азаматтардың сенімін арттыру – біздің басты міндетіміз. Тұрғындар бізден тек қылмыстарды ашуды емес, көшелерде, әрбір үй мен аулада қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күтеді», – деп атап өтті полковник Серік Тоқтарқанұлы.
Сондай-ақ, болашақта жоспарланған Зайсан аудандық полиция бөлімінің орнын көріп қайтты. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесіп, оларды алдағы мерекемен құттықтады. «Полициядағы ұрпақтар сабақтастығы – жай ғана дәстүр емес, бұл – қызметіміздің берік негізі. Аға буынның тәжірибесі жас мамандарға үлгі болып, олар үшін сенімді тірек болуға тиіс», – деді С. Манапов.
Тарбағатай ауданында полковник Манапов аудан әкімінің орынбасарымен кездесіп, аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын салу мәселесін талқылады. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының ардагерлерімен жүздесіп, олардың құқық қорғау қызметінің дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында мал ұрлығына қарсы күреске ерекше назар аударылды. Бұл мәселе аталмыш аудан үшін өзекті болып қалып отыр.
«Бұл бағыттағы шараларды күшейту қажет. Мал ұрлығы – жай ғана қылмыс емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына үлкен соққы. Онымен күрес кешенді тәсілді талап етеді: профилактика, жедел іс-қимыл және халықпен тығыз байланыс. Полицейлер әр ауылдың жағдайын біліп, тұрғындармен үнемі тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс», – деп атап өтті С. Манапов.
Ол заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау өңірдегі тұрақтылықтың басты шарты екенін баса айтты.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/965842?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау