Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Д. Шакенов, облыстық мәслихат төрағасы Д. Рыпаков, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері (онлайн режимде) қатысты.
Күн тәртібінде өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру мәселелері, туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері, квазимемлекеттік сектордың комплаенс қызметінің тиімділігі, сондай-ақ теміржол жолаушылар тасымалдарының санитарлық жай-күйінің проблемалық мәселелері қаралды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков өз сөзінде сыртқы талдаулар жүргізу барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың маңыздылығын атап өтті.
«Әлеуметтік салада бизнес-процестерді автоматтандыру үшін ақпараттық модуль енгізілді, бұл көрсетілетін қызметтердің ашықтығын арттырды. Дегенмен, білім беру жүйесінде бухгалтерлік есептің бірыңғай жүйесіне көшумен байланысты проблемалар сақталуда. Туризм саласында жүргізілген талдау лицензиялау процесіндегі манипуляция, субсидияларды асыра бағалау, Мемлекеттік сатып алу бойынша жалған есептер және табиғи объектілерге қол жеткізуді заңсыз шектеумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алғанын көрсетті. Анықталған бұзушылықтар оларды жою бойынша жүйелі шаралар қабылдауды және уәкілетті органдар тарапынан бақылауды күшейтуді талап етеді», – деп атап өтті Асылхан Ашиков.
Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда ашықтық пен парасаттылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын комплаенс-офицерлері қызметіндегі проблемалық мәселелер айтылды. Бұл салада кәсіби мамандардың тапшылығына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың сапасының төмендігіне байланысты проблемалар сақталуда.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі күн тәртібі мәселелері бойынша Департамент ұсынымдарын қолдады, жергілікті атқарушы органдардың тиісті басқармаларының басшыларына және қалалар мен аудандардың әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және орын алған бұзушылықтарды жою бойынша нақты шараларды уақтылы қабылдау, сондай-ақ заңның дәл және біркелкі орындалуы жөнінде тапсырмалар берді.
#Заң_мен_тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-vko/press/news/details/964181?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау