2025 жылғы 2 сәуірде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің кеңейтілген алқасы өтті. Жиында 2024 жылғы қызметтің қорытындылары шығарылып, 2025 жылға арналған басым бағыттар айқындалды.
Іс-шараға Вице-министр Н.К. Шарбиев, Комитет басшылығы мен қызметкерлері, аумақтық инспекциялар, ведомстволық ұйымдар, ғылыми қауымдастық және серіктес құрылымдардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Комитет төрағасы Д.Тұрғамбаев өткен жылдың жұмысын қорытындылап, негізгі міндеттердің орындалуындағы оң динамиканы атап өтті. Атап айтқанда, орман питомниктерін салу, материалдық-техникалық базаны жаңғырту, табиғатты қорғау шараларын жүргізу, сондай-ақ сирек және жойылып кету қаупі бар жануарларды сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Маңызды жетістіктердің қатарында – сирек кездесетін жануарлардың санын арттыру, экологиялық акциялар өткізу, экологиялық білім беру бағдарламаларын дамыту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) қызығушылықтың артуы. 2024 жылы ЕҚТА-ға 2,8 млн адам келді, бұл азаматтардың табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуының артқанын көрсетеді.
2024 жылы өрт қауіпті маусымға дайындық, ағаш отырғызу, туристік инфрақұрылымды кеңейту және саланы цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алқаға қатысушылар үйлестірілген іс-қимылдардың және жоспарланған іс-шараларды уақытылы орындаудың маңыздылығын атап өтті. Комитет басшылығы өрт қауіпті кезеңге дайындық жұмыстарын толық аяқтап, техника мен персоналдың сақадай-сай болуын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
2025 жылға арналған негізгі стратегиялық міндеттердің бірі – өрттерді ерте анықтау жүйесін 24 мемлекеттік орман иеленуші ұйымдарында енгізу. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Аталған жұмыс басталып кетті және ешқандай кідіріссіз аяқталуы тиіс.
2025 жылға арналған басымдықтар:
- Өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу;
- Жабық түбір жүйесі (ЖТЖ) бар алты орман питомнигін салу;
- Экотуризм мен экологиялық ағартуды дамыту;
- Табиғатты қорғау және биоалуантүрлілікті есепке алу саласында цифрландыруды дамыту;
- Жануарлар дүниесін сақтау және көбейту бойынша кешенді шараларды іске асыру.
Кеңейтілген алқа қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Қатысушылар алдағы кезең табиғатты қорғау саясатын нығайту, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін басқару сапасын арттыру үшін маңызды кезең болатынын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/968326?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау