Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында елорда мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында қылмыстық іс бойынша сот отырысы онлайн режимде көрсетілді. Іс-шара Астана қалалық прокуратурасы жүзеге асырып жатқан «Жас үміт» жобасы аясында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мектеп оқушыларына сот жүйесінің жұмысымен тікелей танысуға және ойланбай жасаған әрекеттің салдарын түсінуге мүмкіндік берілді. Нақты уақытта көрсетілген сот процесі жасөспірімдерге заңды сақтамаудың салдарын жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді.
Жобада жастар арасындағы бұзақылық, бопсалау сияқты өзекті мәселелерге баса назар аударылды. Астана мектептерінің оқушылары үшін ұйымдастырылған тағы бір ашық сот мұндай әрекеттердің салдарын көрсетті. Сахналық сот отырысының сюжеті нақты оқиғаларға негізделген, ал айыпталушылар кәмелетке толмағандар болды. Сценарий бойынша, жастар өздерінің іс-әрекеттерінің ауырлығын түсінбей, мектептегі қатарластарынан ақша бопсалаған, мұның соңы сот залына алып келген.
«Бұл мысал заңсыз әрекеттердің қандай нәтижеге әкелетінін анық көрсетеді. Әрбір жасөспірім заңды түсініп, оны ұстану керек және заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік бар екені маңызды. Мұндай іс-шаралар балалардың дұрыс таңдау жасауға және келешекте өрескел қателіктерге бой алдырмауына көмектеседі деп сенеміз», – деп атап өтті Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова.
Сот процесі Оқушылар сарайында өтіп, Астанадағы әртүрлі мектептердің оқушылары көрермен ретінде онлайн режимде көрсетілді. Сот тәртібінің толық сақталуына қарамастан, сот процесі сахнада өтіп, айыпталушылардың рөлдерін әртістер сомдады. Дегенмен, бұл формат өскелең ұрпаққа сот төрелігі жүйесі қалай жұмыс істейтінін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Жас үміт» жобасы аясында елордалық прокуратура Білім басқармасымен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Шараға прокуратураның құрметті қызметкері, ардагер Жасарал Қобланұлы да қатысты. Мұндай бастамалар жастардың құқықтық санасын нығайтып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/968669?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау