Қармақшы ауданында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлының төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстары өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Әбдіқасов, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Г.Исламханова және аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Омаров өз салаларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жиында комиссия мүшелері сала бойынша ұсыныстарын білдіріп, кент және ауылдық округ әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде заң бұзушылықтарға жол бермеу және тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мұнан кейін құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында Иіркөл, III-Интернационал, Ақтөбе және Ақжар ауылдық округтері әкімдері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын пада арқылы бағу және уақытша қамау орындарымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша есеп берді.
Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә.Қазыбек өңірде өсім алып отырған қылмыс түрлері, оның ішінде алаяқтық, ұсақ ұрлық, есірткі қылмыстары мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Г.Исламханова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Отырыс барысында аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов сөз алып, мүдделі мемлекеттік органдармен заң аясында белгіленген міндеттерді тиісті деңгейде орындауының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, қылмыстың өсуіне жол бермеу үшін профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін ескертіп, тиісті органдарға нақты ұсыныстар берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары комиссия мүшелерінің ұсыныстарын назарға алып, тиісті сала басшыларына құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/968261?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау