Қала әкімі жұмыс сапары аясында «Әуежай» шағын ауданында болып, 2025 жылы атқарылатын абаттандыру жұмыстарының жоспарымен танысты. Сапар барысында қала басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселелердің шешілу барысын назарға алды.
Еске салсақ, 2023 жылы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша «Тарелочка» көлін тазалау және абаттандыру жұмыстары басталған еді. Алайда, жауапсыз мердігердің салғырттығынан жоба уақытша тоқтатылып, қазіргі таңда бұл іске қатысты сот процестері жүргізілуде. Қала басшылығы басқармамен бірлесіп, жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс өткізіп, жобаны биыл толық аяқтауға шешім қабылдағанын атап өтті.
«Саябақ» паркі – «Әуежай» шағын ауданы тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Биылғы жылы мұнда орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылып, абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Қазіргі таңда мердігер анықталып, жұмысқа кірісуге дайындық жүргізілуде.
Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы көтерген тағы бір өзекті мәселе – жаңа салынған жайлы мектептің айналасындағы аумақтың ретсіздігі. Осыған байланысты санитарлық тазалық айлығы аясында мердігер ұйымдарға шұғыл түрде аумақты қалыпқа келтіру тапсырылды. Бұл жұмыстарға зақымданған учаскелерді қалпына келтіру, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу және құрылыс қалдықтарын шығару кіреді.
Бұдан бөлек, биыл қаладағы екі білім беру мекемесінің аумағын абаттандыру жоспарланған. Солардың бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы №29 мектеп. Мектеп маңында кешенді көгалдандыру жүргізіліп, оқушылар мен тұрғындарға арналған серуендеу, ойын және спорт алаңдары орнатылады.
Сонымен қатар, мамыр айында Герасимов көшесіндегі екі шақырым жол мен ұзындығы 500 метр болатын екі өткелді жөндеу жұмыстары басталады. Жөндеу аясында жарықтандыру жоқ жерлерге көше шамдары орнатылып, инфрақұрылым толық жаңартылады. Бұл жұмыстар маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Абаттандыру жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/969947?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау