Саржайлау сазы: Тілендиев мұрасы Таразда ұлықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Баласағұн» ОКЗ-да қазақ музыкасының жарық жұлдызы, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті. Шараны Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы ұйымдастырды.

🔹Кеш барысында көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің жауһар күйлері мен жүрекке жылы әндерін тыңдап, оның саз әлеміндегі қайталанбас қолтаңбасын тағы бір мәрте сезінді. «Ата толғауы», «Көш керуен» сынды күйлері орындалып, «Саржайлау» және «Әке туралы жыр» әндері жүректерге жол тартты.

 🎵Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров, Мадина Сағынбекова, Айгүл Мақашова, Әсел Уашева, Динара Диханбаева, республикалық байқаулардың лауреаттары «Кәусар» вокалдық ансамблі, оркестр солистері және Қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Сонымен қатар, сахна төрінде «Бозторғай» үлгілі би ансамблі (жетекшісі – Айдос Хожанов), «Ақкербез» би ансамблі (қоюшы балетмейстер – мәдениет саласының үздігі Айжан Қонарбаева) және Жамбыл ауданы, М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің жас өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Күмбірлеген күйлер, сырлы әуендер мен нәзік билер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

🔹Тамаша музыкалық кеш қала тұрғындары мен қонақтарының жүрегіне жылы ұялап, ұлы композитордың мәңгі өлмес мұрасын тағы бір мәрте ұлықтады. Кеш соңында көрермен қауым өнерпаздарға зор ризашылықтарын білдіріп, қошеметпен шығарып салды.

✔️Кештің басты мақсаты – дара тұлғаның ұлы мұрасын дәріптеу, оның қазақ музыкасына қосқан зор үлесін ұрпақ жадында сақтау. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосып, кейінгі буынға композитор шығармашылығын насихаттау көзделді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/967930?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version