Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңес өткізілді.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Арман Рахимов, Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, «Ұлттық антикоррупциялық желі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алик Шпекбаев және жеке құрам қатысты.
Кездесу барысында бұрын анықталған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес енгізілген ұсыныстар қаралды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қызметтік ортада адалдықты арттыруға бағытталған шаралар ұсынылды.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен ішкі істер органдары тұрақты және сындарлы өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Мұның айқын дәлелі – осы жылы бекітілген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері арасындағы әріптестікті дамытуға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған Бірлескен іс-қимыл жоспары.
Жиын барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адалдығын тексеруге арналған Integrity Check тетігі аясындағы ынтымақтастық мәселелері де қаралды. Бұл құрал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтауға және ашықтық, жариялылық пен сенім қағидаттарына негізделген кадрлық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кеңес соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Арман Рахимов жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті:
«Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін болады. Ішкі бақылау тетіктерін дамыту, құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың сенімін нығайту қажет. Әрбір қызметкер қоғам алдындағы жеке жауапкершілігін сезінуі және кез келген құқықбұзушылықтың жазасыз қалмайтынын түсінуі маңызды».
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-almaty/press/news/details/972800?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау