Ақтау төріндегі тойға алып батырлар да келді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтаудағы түркі халықтарының кең ауқымды мерекелік жиынына кешегі өткен ер бабаларымыздың жұрнағындай болған дене бітімі ірі, кең иықты, сом тұлғалы батырлар келіп, «Батырлар ауылынан» орын тапты.

Бейнеулік «Батырлар ауылының» бірінші киіз үйінде Маңғыстау батырларының есімдерін жаңғыртып, олардың ерліктерін дәріптеуге арналған экспонаттар қойылды. Киіз үйдің ішінде батырлардың шиті мылтық, сауыт, шекпені мен оқшантайы секілді қару-жарақтарынан көрме жасақталған.

Екінші киіз үйде «Бесікке салу» «Ит көйлек», «Шашу», «Бата» сынды дәстүр-жоралғымыз көріністер арқылы сахналанып, келушілерге ши тоқудан шеберлік сағаттары өткізілуде.

Ал үшінші киіз үйде қазақтың ұлттық киімдері мен ағаштан, сүйектен жасалған бұйымдар, сондай-ақ ет-сүт өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Тұрқы нардай, жауырыны таудай азаматтардың арасында Бейнеу ауданынан арнайы 4 батыр келген. Оның бірі – Қосберді Қорбақов. Ол Ақжігіт ауылындағы мәдениет үйінде драма жетекшісі болып жұмыс істейді екен.

«Бүгінгі мәдени іс-шараға Астана қаласынан бойы 2,10-2,15 метр төрт батыр мен Бейнеу ауданынан 4 батыр келді. Менің бойым – 1,85 метр. Біздің Бейнеу ауданынан келген батырлардың бойы 1,85-1,90 метр аралығында. Біз мұндай шараға бірінші рет шығып тұрмыз. Мерекеге жиналған меймандар еңселі батырлармен арнайы суретке түсіп, таңданып жатыр», – деді Қосберді Қорбақов.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971558?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version