Мәслихат төрағасы Анар Даржанова мен мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссия мүшелері қаладағы бірқатар денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына мониторинг жүргізді.
№2 қалалық емханада 58 825 адам, оның ішінде 17 мың бала тіркелген. Емханаға 2023-2024 жылдары күрделі жөндеу жүргізілді. Жатыр мойны обырын анықтауға мүмкіндік беретін су жаңа аппараттар да алынған. Сондай-ақ емхана жанынан арнайы мамандармен қамтылған «Баланы дамыту орталығы» кабинеті ашылған. Бас дәрігері Толыбай Бажировтың айтуынша, бүгінгі күні емханадағы мәселе – жүкті әйелдердің бір жерден скрининг өтулеріне ыңғайлы болуы үшін УЗИ аппараттары қажет. Жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жетіпеушілігі де байқалады. Сондай-ақ емхана қаланың ескі бөлігімен қатар, Заречный алаптарының тұрғындарына да қызмет көрсететіндіктен, ғимарат таршылық етеді. Осыған орай, Алтынсарин, 3а көшесінде орналасқан ғимаратты емхана балансына берсе деген өтініш білдіруде.
Депутаттар барған келесі нысан – Отбасылық медицина орталығы. Орталық 2017 жылы ашылған. Болашақ, Мәскеу аудандарының 16,5 мың тұрғындарына қызмет көрсетеді. Балалар мен ересектерге алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық, мамандандырылған және 20 орынға арналған күндізгі стационарлық қызметтер ұсынылады.
Қалалық балалар ауруханасы 1973 жылы салынған. Аурухана 110 орынға арналған, орта есеппен жылына 7500 бала ем алып шығады. Мұндағы басты мәселе – ғимараттың ескіргендігі. Денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін қаламызда жаңа қалалық балалар ауруханасын салу жоспары бар. Бас дәрігері жаңа ғимаратқа жер учаскесін қаланың ескі бөлігінен бөлінсе деген өтініш білдіруде.
Келесі нысан 320 орынға арналған Облыстық балалар ауруханасы. Ғимаратқа 2024 жылы жөндеу жүргізілген, мамандармен, жаңа аппараттармен қамтылған. Аурухананың кардиология бөлімшесі Батыс Қазақстан бойынша медициналық мекемелер арасында алғашқы орындарда. Жақында демеушілердің көмегімен Беларусь елінен мамандарды шақыртып, тәжірибе алмасқан. Депутаттар аурухананың Гематология бөлімшесінің меңгерушісімен сөйлесу барысында, дәрілік препараттың алынбауы мәселесі көтерілген болатын. Атап айтқанда, химиотерапияда қолданылатын Винбластин дәрісін сатып алуда еліміз бойынша белгілі бір шектеулер бар екен. Сол себепті емінде аталған дәріні қолданатын балалар ата-аналарымен Астана қаласына барып ем алуға мәжбүр. Бұл оларға үлкен шығындар мен қиындықтар туғызатыны анық. Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстар жолданатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-aktobe/press/news/details/972931?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау