Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Осы орайда, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс туы желбіресін» атты облыстық ардагерлер байқауының аудандық іріктеу кезеңі болып өтті. Салтанатты шарада Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов ретімен сөз алып, Ұлы Жеңістің мәніне кеңінен тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген аталарымыздың ерлігін ән – жырға арқау етуге арналған байқауға ауданымыздан 18 ардагер қатысып, өз өнерлерін паш етті. Шара барысында өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді әр түрлі жанрда орындап, авторлық өлеңдерін оқып, өзара бақ сынасты.
Байқау соңында, барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан аудан әкімінің Алғыс хаты және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында, Ынтымақ ауылының әжелер ансамблі және ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырға құрмет көрсетіп, ақшалай сыйлық табыстады. Жарыста іріктелген өнерлі ардагерлеріміз облыстық байқауға қатысады.
Айта кетейік, бұл байқау – өткен тарихқа тағзым және ұлт рухын ұлықтаудың бірегей көрінісі. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігін есімізде мәңгі сақтап, мақтан тұтып құрметтеу – баршамыздың парызымыз.
Ақпараттық медиа орталығы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/973814?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау