Кентау қаласы әкімдігі мен қалалық прокуратураның, қалалық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен сотталған адам жазасын өтеп шыққан соң, оның қоғамға бейімделу процесін бақылау және қадағалау жайында келелі жиын өтті.
Форум ең алдымен өз өміріне балта шауып, түрлі қылмыстық әрекет жасап, соңында қатты өкініш орын алғаны, өз қателігін түзеу үшін мемлекеттің сол азаматтарға қоғамға бейімдеуге арналған мүмкіндіктерін айқын көрсете отырып, көпшілікке ойсалар мағыналы көрініспен бастау алды.
Алғашқы сөзді алған қала әкімі Жандос Тасов қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алу маңызды екенін атап, өскелең жас ұрпақты заңды сақтап, адал еңбек етуге шақырды.
Қалалық прокурор көмекшісі Олжас Жорабеков пен қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Еркеғали Мейірбеков қаладағы пробация қызметімен, тіркеуде тұрған азаматтармен жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы жайында баяндама жасады.
«Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Кентау қаласында жыл сайын пробация қызметінің есебінен 200-ге жуық адам өтеді. Қазіргі таңда Кентау қаласы пробация қызметтерінің бақылауында 82 адам есепте тұр. Оның 66-сі ер адам, 16-сы әйелдер, кәмілет жасына толмаған 1 адам» деді полиция полковнигі.
Келелі жиында ойсалар тағлымды әңгімемен бөліскен қалалық бас имамы Ғалымжан Алекеев әрбір жанның дұрыс жолға түсуіне отбасындағы тәлім-тәрбиесі үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Жалпы пробация қызметінің мақсаты – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды қоғамға бейімдеу. Сонымен бірге бостандыққа шыққан адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету де жауапты іс.
Бүгінде атқарушы органдары пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға заңға сәйкес, әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек түрлерін көрсетіп келеді.
Форумда қылмыс жасаған адамды қоғамнан тыс қалдырмай, оны қоғамға қайта қосу үшін арнайы реабилитациялық бағдарламалар, психологиялық көмек көрсету, кәсіби дағдыларды үйрету қажеттігі айтылды. «Қылмысты жазалау заңды іс, ал қылмыстың алдын алып оны болдырмау нағыз іс», қылмысқа бастайтын жолдардан тыйып, ізгілік жолына салу, қатерден аман алып қалып, өкіндірерлік істі өзегінде тұншықтыруға әр азамат атсалысуы керек.
Форум қалалық өнерпаздардың патриоттық және рухты әндерімен жалғасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/971744?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау