«Ақтау – Түркі әлемінің астанасы» мәдени жылының ашылуында облыс орталығында ұлттық өнер мен тарихты дәріптеуге арналған ерекше ауылдар бой көтерді. Оның ішінде махаббат пен адалдықтың символына айналған «Ғашықтар ауылы» ерекше назар аудартады. Түпқараған ауданы ұйымдастырған осы ауыл көпшілік назарына Маңғыстау даласында өрбіген махаббат дастандарына негізделген қойылымдар мен көріністер ұсынды.
Амфитеатр алаңында тігілген киіз үйлердің бірі салт-дәстүрлер мен өнерге арналған. Мұнда қыз бен жігіт айтысы, шашу дәстүрі, бата беру рәсімі, ұлттық би мен домбыра шерту шеберлігі, жастардың бір-біріне қағытпа айтып, қалжыңдасу ғұрыптары көрініс тапты.
Киіз үйлердің бірінде арнайы «Маңғыстау ғашықтарының тарихы» тақырыбына арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл жерде ғасырлар бойы жырланған махаббат дастандарының кейіпкерлеріне қатысты тарихи мәліметтер, олардың өміріне тиесілі киімдер мен құрал-саймандар қойылды.
«Ғашықтар ауылында» Маңғыстау даласында ғасырлар бойы жырланып келе жатқан Құрымсы-Кежек, Ақбөбек-Қайып, Ақшора-Белтұран, Асалы-Көкетай, Қаработа-Дөңқара сияқты ғашықтардың хикаялары көпшілікке таныстырылды.
Осы махаббат жырларының ішінде Ақбөбек пен Қайыптың оқиғасы ерекше орын алады. Қосыла алмаған ғашықтардың баянсыз махаббаты халық жадында жақсы сақталған. Қайыптың Ақбөбекке арнаған әні – мәңгілік сүйіспеншіліктің жыры. Бұл ән өз елімізден бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қарақалпақстан, Иран, Түркия, Ауғанстан қазақтары арасында кеңінен тараған. Ғасырлар өтсе де, бұл ән халық арасында әлі күнге орындалып келеді.
«Ғашықтар ауылы» – аталған іс-шарадағы Маңғыстау өңірінің бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрлері мен өнерін дәріптейтін ерекше жоба. Бұл шара тек өткенді еске алу ғана емес, жастарға махаббаттың, адалдықтың және ұлттық құндылықтардың маңызын ұғындыратын тарихи әрі мәдени мұра», – дейді ұйымдастырушылар.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971001?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау