Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен аппарат мәжілісі өтті. Оған Төраға орынбасарлары, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, Агенттіктің департамент директорлары және онлайн форматта аумақтық бөлімшелердің басшылары қатысты.
Мәжілісте Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша аумақтық департаменттердің жұмысындағы өзекті мәселелер қаралып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтің ашықтығын және сервистік моделін қалыптастыру бағытында Агенттікпен атқарылып жатқан шараларды өңірлерде сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Жиын барысында аймақтарда кадрлық саясатты тиімді жүргізу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Кадрлық процестер автоматтандырылған және онлайн іріктеу форматы іске асырылатын «eQyzmet» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді қолдану маңыздылығы айтылды.
Аппарат мәжілісі қорытындысы бойынша МҚІА төрағасы аумақтық департаменттерге мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/973919?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау