Бүгін «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиналған халықты мерекемен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
«Сіздерді Ақтау қаласының 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстан үшін ғана емес, барша бауырлас елдер үшін
айтулы оқиға.
Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған.
Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей
түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін.
Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!
Баршаңызға бақ-береке, толайым табыс тілеймін! », деді құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971275?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау