Қазақстан агробизнесі үшін Нидерландтық формула

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана, 2025 жылғы 8 сәуір —Астанада Нидерланд Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігінің Бас хатшысы Ян Кеес Гут бастаған делегацияның іссапары басталды. Делегация құрамында агроөнеркәсіп кешеніне мамандар даярлайтын алдыңғы қатарлы аграрлық компаниялар мен білім беру мекемелерінің өкілдері бар.

Сапардың бірінші күні Нидерланд делегациясы Astana Flora Expo 2025 және Astana Grow Expo 2025 халықаралық аграрлық көрмелерінің салтанатты ашылуына қатысты. Көрмелерде жылыжай технологиялары, орнықты егіншілік және автоматтандыру салаларындағы озық шешімдер ұсынылды. Сонымен қатар, қазақстандық агробизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен келіссөздер өтті. Маңызды іс-шаралардың бірі – Қазақстан мен Нидерланд арасындағы ауыл шаруашылығы жөніндегі жұмыс тобының отырысы болды.

Ян Кеес Гуттың айтуынша, Қазақстан мен Нидерланд бір-бірін толықтыратын артықшылықтарға ие: Қазақстан – кең жер ресурстары мен агросекторды жаңғыртуға ұмтылыс, ал Нидерланд – озық технологиялар, орнықты шешімдер және жинақталған тәжірибеге ие. Ол Қазақстанның тұрақты экономикасы, қолайлы географиялық орналасуы және үкіметтің қолдау шаралары, соның ішінде сүт фермалары мен экологиялық таза технологияларға арналған субсидиялар арқылы нидерландтық инвесторлар үшін тартымды серіктес болып қала беретінін атап өтті.

Жалпы, бағдарлама аясында тұрақты агробизнес, смарт жылыжай технологиялары, қаржыландыру және аграрлық білім беру тақырыптарына арналған пленарлық сессиялар өтті. Сондай-ақ, Қазақстан мен Нидерланд арасындағы жұмыс тобының отырысында тұқым шаруашылығы, ветеринария, аквакультура және агроазық-түлік саласындағы білім беру мәселелері талқыланды. Сапардың маңызды сәттерінің бірі – АШМ ғылым мен білім беру ұлттық орталығы мен Нидерландтың GroenPact платформасы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылуы болды.

Атап өтерлік мәселе, аталған іссапар аясында білім беру серіктестігін дамытуға ерекше назар аударылды. Делегация құрамында GroenPact платформасының, оның ішінде Aeres, Lentiz және HAS green academy сынды нидерландтық оқу орындарының өкілдері бар. Олардың мақсаты – қазақстандық университеттермен тығыз байланыс орнатып, аграрлық білім беру саласында бірлескен бастамаларды іске қосу. Жоғары мәртебелі нидерландтық делегациясының сапары «KazakhInvest» АҚ қолдауымен өтуде.

Фото: Ілияс Омаров

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/973042?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version