2025 жылғы 4 сәуірде Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ұйымдастыруымен Қарағанды облысы бойынша “Сенат Open 2025” атты шахматтан II ашық кубогі өтті. Турнирге Приозерск қаласының өкілдері қатысып, өз өңірінің намысын абыроймен қорғады.Аталған турнир депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында өтті. Барлығы 130-ға жуық шахмат әуесқойлары мен кәсіби ойыншылар өзара бақ сынасты. Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Жұманғалиұлы Сапиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол осындай зияткерлік жарыстардың қоғамдағы мәдени және спорттық деңгейдің өсуіне қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Жарыс әділ және жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар төрт санат бойынша бөлініп, өзара мықтыларды анықтады. Әр партия шын мәнінде тартысты өтті, ойыншылар шеберліктерін, стратегиялық ойлау қабілеттерін барынша көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Приозерск қаласының атынан қатысқан Бөлегенов Нұржан Шектібайұлы ерекше нәтижемен көзге түсіп, өз санатында бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, белсенді қатысқан ойыншыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karaganda-priozersk/press/news/details/970701?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау