Қазақстан ТЖМ ведомстволық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуды жалғастыруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің басшылығымен қызметтік жұмыс үшін заманауи жағдайлар жасау және персоналдың уәждемесін арттыру бойынша мақсатты жұмысты жалғастыруда. Азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жүйесіндегі маңызды буын болып табылатын «Резерв» РМК әкімшілік ғимаратында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы бұл жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі болды.

   Нысан толығымен өзгерді: қазір мұнда азаматтық қызметкерлер үшін заманауи және жайлы еңбек және демалыс жағдайлары жасалды. Ғимаратта тамақтану үшін кафетерий жабдықталған, онда қызметкерлер бейресми жағдайда демала алады, «Batyr team» ведомстволық клубының фитнес-залы мен спорт залы ашылады, йога орталығы жұмыс істейді, бөлек душ, жуынатын бөлмелер мен сауна орнатылған. Қалыпқа келуге, стрессті азайтуға және физикалық денсаулықты нығайтуға ықпал ететін кеңістік құруға ерекше назар аударылды.

   Жоба жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде іске асырылды,  ведомствоның басты басымдығы — құтқарушы, дәрігер немесе азаматтық маман болсын, әрбір қызметкердің еңбегінің маңыздылығын мойындауды көрсетеді.

   Барлық жұмыстар мемлекеттік бюджет қаражатынсыз, қазақстандық құтқарушылар қорының есебінен жүргізілді. Бұл мемлекет пен азаматтық қолдау институттарының нәтижелі өзара іс-қимылының үлгісі болды.

   «Бұл нысанды жөндеу қызметкерлердің жағдайын жақсарту бойынша көптеген басқа бастамалар сияқты, бюджет қаражатын пайдаланбай жүзеге асырылды. Бұл біздің қағидаттық көзқарасымыз: мемлекеттік бюджетке қосымша жүктемесіз лайықты жағдай жасау», – деп ТЖМ басшысы атап өтті.

   Жаңартылған инфрақұрылымның ашылуы ТЖМ қызметкерлері арасында дене шынықтыруды дамытуды қолдайтын белгілі қазақстандық спортшылар Айтым Жақыпов пен Василий Тахтайдың қатысуымен өтті. Олардың қатысуы спорттың кәсіби тұрақтылық пен корпоративтік мәдениеттің элементі ретіндегі маңыздылығына назар аударды.

   Қазақстандық құтқарушылар қорының директоры Рашид Жанұзақов сапалы жағдай жасау — бұл бүкіл жүйенің тиімділігіне инвестиция екенін атап өтті: «Біз адами капиталға — қызметкерлер жұмыс істейтін ортаға, олардың денсаулығы мен жайлылығына инвестиция жасау мықты ведомствоның негізі деп санаймыз. Біз осындай бастамаларды одан әрі қолдауға дайынбыз».

   Іс-шараның соңғы кезеңі мекеме аумағында жасыл желектерді отырғызу болды – бұл ведомстволық дәстүр, экологиялық жауапкершілік пен үйлесімді ортаға деген ұмтылыстың символы.

   «Бізге қамқорлық көрсетіліп жатқанын сеземіз. Бұрын бұл ғимарат жай ғана жұмыс орны болған, енді жұмыс істеуге және дамуға жетелейтін кеңістікке айналды», – деп «Резерв»РМК қызметкерлері өз әсерімен бөлісті. 

   «Резерв» РМК сияқты объектілерді жаңғырту жай ғана жөндеу жұмысы емес. Бұл кадрлық әлеуетті дамытуға, заманауи ведомстволық ортаны қалыптастыруға және ұжымның ішкі бірлігін нығайтуға арналған жүйелі курстың бөлігі.

   Шыңғыс Әрінов бұл жұмыс жалғасатынын атап өтті:

  «Біз алдымызға тек техникалық жарақтандыру ғана емес, сондай-ақ барлық инфрақұрылымды сапалы жаңарту міндетін қойып отырмыз. Мұндай нысандар орталық аппараттан бастап ең шалғай өңірлердегі бөлімшелерге дейін ТЖ министрлігінің барлық вертикалы үшін стандартқа айналуы тиіс».

   Жақын арада осындай жобалар ТЖМ басқа бөлімшелерінде іске асырылатын болады. Министрлік адамға қамқорлық жасау арқылы ғана кез келген қиындыққа дайын, шынайы тұрақты ден қою жүйесін құруға болатына сенімді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/973130?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version