Жеңістің жаңғырығы – заман бояуында
Қарағанды облысының Полиция департаменті ғимаратында ерекше көрме өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс ұрпақтар жүрегінде» атты цикл аясындағы суреттер көрмесі полицейлерге тың серпін мен әсер сыйлады.
Бұл рухани шараны Қарағанды облысы Полиция департаменті мен облыстық бейнелеу өнері мұражайының ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. Экспозицияда департамент мұражайының қорында сақталған, қарағандылық талантты суретші В. Харловтың екі туындысы көрнекті орын алды.
Көрме аясындағы экскурсияға қатысқан жас мамандарды Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов қарсы алып, өз сөзінде тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол батырлық пен ерлікке құрмет көрсетіп, көрме ұйымдастырушылары алғысын білдірді.
Экскурсияны облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекшілері Снежана Черкаева мен Гүлжан Заитова жүргізді. Олар туындылардың жасалу тарихы, авторлардың өмір жолы және көрме жұмыстарының аймақ мәдениетіндегі орны жайында жан-жақты әңгімеледі.
Көрмеде В. Харловтың соғыс тақырыбы мен Жеңіс шеруіне арналған терең тебіреністен туындаған шығармалары ерекше назар аудартты. Сондай-ақ, аты аңызға айналған ерлік иелерінің бейнелері – ержүрек Әлия Молдағұлова, батыл Мәншүк Мәметова және жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Тишбек Ахановтың портреттері көпшіліктің ықыласына бөленді.
Келушілер суретшілердің кәсіби шеберлігіне тәнті болып, туындылардың эмоционалды әсерін ерекше атап өтті. Олар көрме барысында өнердің терең мәнін сезініп, жүрек толқынысымен әрбір картинаны зерделеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/973858?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау