«Заң және Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында Жетісу облысының прокуратурасында прокурор Мадияр Басшыбаевтың төрағалығымен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мәселелері бойынша алқа отырысы өтті.
Жиынға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мен байланыс операторлары қатысты.
Қазіргі таңда киберқылмыстар саны артып келеді. 2024 жылы 500-ден астам өңір тұрғыны алаяқтардың құрбанына айналды.
Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен бірқатар шаралар қабылданды:
- азаматтарға алаяқтық схемалары туралы белсенді түрде ақпарат беріледі.
- «Қазақтелеком» АҚ, «Қайнар Медиа» ЖШС және байланыс операторларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
- ұлттық банк жанынан іске қосылған Антифрод-орталық күмәнді операциялар бойынша 12,5 миллион теңгені бұғаттады.
- заманауи бағдарламалық кешендер сатып алынып, Telegram-арнасы арқылы қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Нәтижесінде 75 азамат зардап шекті.
Сонымен қатар, прокуратура құқық қорғау органдарын заңсыз қолданылатын SIM-бокстарды анықтау және жою бойынша шаралар қабылдауға бағыттауда.
Арнайы операция барысында жергілікті тұрғыннан 7 SIM-бокс, 6,5 мыңнан астам SIM-карта, роутерлер мен мобильді телефондар тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Зардап шеккендердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы «дропперлерден» 36 миллион теңге өндіріліп, 29 талап-арыз қанағаттандырылды.
Сондай-ақ, 100-ден астам жәбірленуші үшін 149 миллион теңге көлеміндегі несие қарыздарын өндіріп алу уақытша тоқтатылды.
Отырыстың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған қосымша шаралар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/974148?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау