Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Нұржанұлы Педеннің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өтті.
Іс-шара барысында 2024–2025 жылғы жылыту маусымында жүргізілген жұмыстардың қорытындысы жасалды.
Спикер атап өткендей, жылыту маусымы кезеңінде халық арасында түсіндіру жұмыстары мен алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінді. ТЖД қызметкерлері 155 мыңнан астам адамды қамтумен 52 043 тұрғын үйді аралады. Қаланың білім беру мекемелерінде 13 777 оқушының қатысуымен 385 интерактивті сабақ өткізді.
Үгіт-насихат жұмыстарының алғашқы кезеңінде, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін, әлеуметтік осал санаттағы 2000 астам отбасыға ерекше назар аударылды. Бұл отбасылармен аралау жұмыстары қайта жүргізіліп, нәтижесінде 150 газ талдағыш орнатылып, 220 мұржа тазартылды.
Сонымен қатар, орталықтандырылған газбен жабдықталмаған және газ баллонды пайдаланатын 22 жатақханада арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жадынамалар таратылды. Басты назар жылыту және газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол бермеуге аударылды.
Брифинг соңында ТЖД өкілі тұрмыстағы қауіпсіздік мәселелеріне үнемі назар аударып отыру қажет екенін еске салды. Ол алдын алу шараларының қайғылы жағдайларды болдырмаудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/976620?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау