Облыстық полиция департаментінде нашақорлықтың алдын алу саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты.
– Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар – қазіргі қоғам үшін ең өзекті әрі қауіпті қатерлердің бірі. Бұл зұлымдықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс, – деп атап өтті есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері.
Отырыс қорытындысы бойынша есірткінің таралуының алдын алу саласындағы түрлі ведомстволар мен жұртшылықтың күш-жігерін біріктіруге арналған тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші және үйлестіруші орган – Есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды.
– Кеңестің басым міндеттері – жастар мен жалпы халық арасында алдын алу шараларын әзірлеу және іске асыру, есірткіге деген қоғамдық теріс көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мен ілгерілету, бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы жүргізілетін ақпараттық жұмыстар, – деп толықтырды құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Қоғамдық бірлестіктерді, БАҚ өкілдерін, пікір көшбасшыларын белсенді тарту, сондай-ақ ақпарат алмасу мен барлық мүдделі тараптардың іс-әрекеттерін үйлестірудің тиімді жүйесін құру стратегияның маңызды бөлігі болмақ.
Айта кетейік, ішкі істер органдары жүйесінде полицияның қоғамдық көмекшілері институты жұмыс істейді. Бүгінде өңірде мұндай көмекшілердің саны мыңға жуық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/978321?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау