МАЛҒА СЫРҒА, АУЫЛҒА ЗЕРТХАНА КЕРЕК
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен аудан орталығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кеңес отырысы өтті.
Агроөнеркәсіп кешенінде қызмет ететін облыстық және аудандық мекеме басшылары және ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қатысуымен өткен жиында 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылғы жоспарлар жөнінде сөз қозғалды.
Аудандағы елді мекен тұрғындары үшін мал бағымы саласындағы басты мәселе — жер дауы. Ауыл айналасына жақын орналасқан шаруа қожалықтардың жері осы уақытқа дейін өзекті тақырыптардың бірі болатын.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов “Сырым ауданы бойынша ауыл шаруашылық саласының дамуы туралы” баяндамасының желісінде осы бағыттыда қамтып өтті.
— Ауданның жалпы аумағы 1 118 843 гектарды құрайды. Соның, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 645 240 гектар. Елді мекен жерлері 140 017 гектарды құраса, соның ішінде 129 874 гектар жайылымдық жерлер.
2024 жылы мақсатына сәйкес пайдаланылмай отырған 17752 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылса (2024 ж. жоспар 12 мың, орындалғаны 147,9%) ағымдағы жылға жоспар 10 мың гектар болса, бүгінгі таңда 5353 гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспардың 53 пайызы орындалып отыр.
Ауданның кейбір ауылдық округтерінде жеке шаруашылықтардағы (елді мекен шегінде) мал басының өсуіне байланысты жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі байқалды. Осы орайда 2024 жылы 18 мың гектар жайылымдық жер учаскесі резервке қойылды. Қазіргі кезде 10 мың гектар жайылымдық жер учаскесін резервке қою жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 20 мың гектар жерді резервке қою жоспарлануда.
Бүгінде жер аяғы кеңіп, халық үй жануарларын дала құшағына аманаттауда. Әрине, барлық малдың құлағына сырға тағылып, кеудесіне чип салынды деп ешкім кесіп айта алмайды. Сондықтан да ауыл шаруашылығындағы актуалды тақырыптардың бірегейі үй жануарларын бірдейлендіру.
Осы тұрғыда Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев облыс деңгейіндегі бірдейлендіру іс-шаралары жайлы сандық көрсеткіштерді сөйлетті.
– Облыс бойынша 2025 жылдың 1 сәуіріне “Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру” дерекқорында 993 652 бас МІҚ, 1 440 312 қой-ешкі, 290 411 жылқы, 2 546 бас түйе, 11 356 шошқа тіркеліп отыр. Дерекқорда тіркелген мал саны мен статистикалық деректер арасындағы айырмашылық: МІҚ -5% (+43 624 бас дерекқорда жоғары), ҰМҚ0% (+298), жылқыда -6% (-20 126), түйеде -3% (-90), шошқада-0% (+5) құрайды.
2025 жылы облыста 71,3 мың бас ірі қара, 49,1 мың бас қой-ешкі, 5 бас түйе 3,4 мың бас шошқа және 7,8 мың бас жылқы бірдейлендіріп, дерекқорға тіркеуге қойылды.
Жергілікті ветеринариялық станциялар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге қажетті сырға бұйымдарымен уақытылы және толықтай қамтылып отыр. ҚР Ветеринария туралы заңына еңгізілген өзгерістерге сай, ағымдағы жылдың 27 наурыз күні Басқармамен мемлекеттік сатып алу порталы арқылы хабарландыру жарияланды, қазіргі таңда өтінімдер қаралуда”, – деді А.Серікұлы.
Жиында ауыл тұрғындары, шаруа қожалық иелері және аудандық, облыстық мәслихат депутаттары да белсене қатысып өз сауалдарын жолдады.
Облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов Сырым ауданына аудандық ветеринариялық зертхана қажет екенін жеткізді. Бұл сауалға жауап ретінде аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов “Республикалық ветеринариялық зертхана” БҚО филиалының директоры Болат Айталыға Сарой ауылдық округіне жаңа медициналық пункт салынуына байланысты бұрыңғы медициналық пункт ғимаратын ұсынды.
Одан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде қызмет ететін облыстық құрылым басшыларына сырымдық шаруалар тарапынан шаруа қожалықтарға берілген несиелердің кепілге қойылған мүлкі кері қайтарылмауы, шегіртке секілді зиянкес жәндіктердің егіндік алқаптарына кесірін тигізуі, Қособа, Жетікөл ауылдарындағы су бөгеттерін жаңарту сынды мардымды жауабы жоқ сан сұрақтар қойылды.
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ
“СЫРЫМ ЕЛІ”

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау