Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен кездесулері және жеке қабылдаулары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Аудан әкімінің кезекті кездесуі Қоғалы ауылдық округінде жалғасты. Кездесуде жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, өз кезегінде түйткілді мәселелердің шешу жолдары қарастырылды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, қала, ауылдық округ тұрғындарымен жүздесулер ұдайы өткізіліп, мәселелерді шешу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сондықтан көкейтесті мәселелерді ашық айтып белсенді болуға шақырамын, деді аудан әкімі Диханкөл ауылдық клубында өткен кездесуде.
Аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Қоғалы ауылдық округінде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар легімен бөлісті.
2024 жылы 2 әлеуметтік нысанға 411 млн.теңге қарастырылып, нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда: Диханкөл, Алшалы және Ұзынарық елді мекендеріне ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Диханкөл елдi мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Қоғалы каналының 2,9 шақырымы механикалық тазалаудан өтті.
2025 жылы 4 жобаға 134 млн.теңге қарастырылды.
Атап айтқанда: Алшалы елді мекеніндегі Ынтымақ және Бірлік көшелерінің 2,3 шақырымына аяқ жол салынып, Ұзынарық елді мекеніндегі «Жеңіс» саябағы жөндеуден өтуде. Қоғалы ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын ағымдағы жөндеуге қаржы қарастырылды.
Төлеби ауданы жұртшылығының мұң-мұқтажын біліп, оларды мазалаған сұрақтарына жауап беру бағытындағы кездесуде ауыз су құбырларын тарту жұмыстарына қатысты шағымдарын айтып, жастарды салауатты өмірге тәрбиелеу үшін спорт кешенін салуды сұранды. Ауылдағы ФАП – қа дәрігер маман алуды өтініп, ҰОС ардагерлеріне арнап тұрғызылған ескерткішті мектептің теңгеріміне өткізуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Бұлақ басын қоршап, Мәдениет үйін салуды, ішкі арықтарды реттеуді, екі ауылды байланыстырып отырған көпірді жөндеуді өтінді. Жекеменшік жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту, кәсіпкерлік нысанға арналған ғимараты заңдастыруды сұранды.
Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Ауданымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі. Туған жерін сүйетін әрбір азаматтарды “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бағдарламасын қолдауға шақырамын, деді аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы.
Аудан әкімі жиында тұрғындар көтерген мәселелер бюджетке сәйкес кезең-кезеңімен орындалатынын түсіндіріп, мамандарға ауылдық округтің әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Кездесуден соң Еркеғали Амантайұлы тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Айтылған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау