Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру мақсатында Сарыағаш ауданында «Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» атты форум өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстапа Сүлейменов, ауданның бас имамы Тұрлыбек Төлебеков, құқық қорғау органдары, пробация тізіміндегілер және аудан тұрғындары қатысты.
Жиын барысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі көпшілікке ұсынылды. Жәрмеңкеде «Еңбек» бағыты арқылы өз жеке кәсібін ашқан грант алушылар өнімдерін әкелсе, тиісті мекеме өкілдері жұмыс іздеп келушілерге еңбек, жұмыспен қамту заңнамалары бойынша ақпарат берді. Форум театрландырылған сахналық көрініспен бастау алып, көрермендерге терең ой салды.
Жиын барысында Арман Абдуллаев сөз алып, қылмыстың салдарымен күрескеннен, оның алдын алу маңызды екенін атап, өскелең жас ұрпақты заңды сақтап, адал еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, аға прокурор Эльмира Момбекова және аудандық полиция басқармасының бастығы Есенғали Бейсебаевтар мазмұнды баяндамалар жасап, қоғамда қылмыстың алдын алу үшін себептермен күресу керектігін ерекше атап өтті.
Форумның соңы аудандық мәдениет үйінің және полиция басқармасының өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Өнерпаздар ән шырқап, мерекелік шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, форумның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/973164?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау