МОТОКӨЛІГІҢІЗДІ ТІРКЕДІҢІЗ БЕ?!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
МОТОКӨЛІГІҢІЗДІ ТІРКЕДІҢІЗ БЕ?!
Қайбір жылы “Хабар” арнасынан сұңқылдаған белгілі спорт комментаторы
Амангелді Сейітхан:
– Біздің шайтанарбашылар Францияда жарысқа шықты. – деген хабар таратты.
Шайтанарба дегені велосипед екен. Бүгінгі күні екінің бірінің астында мотокөлік. Электрқозғалтқышы бар түрлерін балалар мен әйелдер жағы тақымдаса, ерлер жағы азынаған темір арғымақ – мотоциклдерге қонған. Шайтанарба деген сөз велосипедке емес, осы мотокөліктерге дәл келетін секілді.
Құлағын бұрасаң болды, ыңыранып, ытқып, шайтанның арбасындай алып – ұшып тұрған жоқ па?!
Ызғығанда қолды аяққа тұрмайтын, қаншалық жүрдек болса, қауіпі де соншалық көлік түрі қазір ауылдағы екі үйдің бірінде бар.
Қалалық жерлердегі көлік кептелісінен құтылудың оңай әрі арзан жолы – қос дөңгелекті көлік. Мопед, скутерлер үй – үй тапсырыс таситын курьерлердің “қызметтік” көлігіне айналған.
Іргеңнен зулаған бұл қозғалыс құралын “ауыздықтайтын” заң қайда деп жүр еді жұрт. Міне, сол заң 5 сәуір күні күшіне енді.
5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынды.
Мұндай құқықбұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік Кодекстің 590 бабының 2 бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделген.
Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Амангелді Мекиннің берген мәліметіне сүйенсек, электр қозғалтқышы бар көліктерді тіркеу науқанын халық қызу қолдап жатқан көрінеді.
– Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы бойынша 300 – ден астам мопед тіркелді. – дейді полиция капитаны оьлыстық департаментке сілтеме жасап.
Мопедтерді қалай тіркейді?!
Оларды тіркеу үшін тұрғылықты жері бойыншаарнайы ХҚКО-на жүгіну қажет.
Өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алу керек:
– Жеке басты куәландыратын құжат, (электронды түрінде жарайды);
– техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер.
Содан соң өтініш толтырып, тексеруден өткізіп, көлік құралын тіркеу, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеу керек.
Мопедтердің ресми түрде механикалық көліктерге теңестірілуінің негізгі мақсаты – қауіпсіздік. Мемлекет осы арқылы қос дөңгелекті көліктердің қозғалыстарын бақылап, жүйелемек. Бақылау бар жерде қолайсыз жағдаят аз болатынын тәжірибе көрсетуде.
Мопедтердің “кеудесінде” электр қозғалтқышы тұр. Ал, ауылдағы малшы ағайын “тақымдаған” жүрген жанар – жағармай тұтынатын мотоциклдерге жаңағы заңның қатысы бар ма?! Олар тіркеле ме?!
– Әрине! – деді Сырым ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Амангелді Мекин.
– Мотоциклдерді басқару қағидалары бекітілген. Жүргізушінің басында міндетті түрде дулыға болуы тиіс. Бізде ең негізгі осы тәртіптің өзі сақталмайды. Электрқозғалтқышы бар қосдөңгелекті көліктерді тіркету ресми міндеттелгесін – ақ бензин жағатын қозғалтқыштарға бұл талап қатаң қойылатыны түсінікті. – дейді Мекин мырза.
Тәртіпке бағынған құл болмайды. Мотокөлігіңізді тіркеңіз!
Б. ШЕРІМ,
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/968029?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version