Бүгін киелі шаһарда Түркістан өңіріндегі мәдениет саласы қызметкерлерінің дәстүрлі алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыстық мәдениет басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары, аудандық, қалалық бөлімдердің басшылары мен өкілдері, сала мамандары қатысты.
Басқосуды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, жүргізіп отырды. 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы І тоқсан жұмысының қорытындысына қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ алдағы міндеттерді баяндап, жұмыс жоспарын пысықтады. Алқа мәжілісінің негізгі мақсаты – өткен жылды қорытындылап, 2025 жылға жоспарланған жобаларды нақтылау болды.
Жиын барысында баяндамашыларға сөз беріліп, облыстағы мәдениет саласындағы жаңалықтар мен өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, облыстағы мәдени нысандар құрылысы, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, монументалды өнер ескерткіштерін заң аясында орнату, сондай-ақ ономастика және мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылу барысы айтылды.
Облыстық халық шығармашылық орталығының басшысы Мейіржан Алиакбаров та баяндама жасап, әр аудан мен мекеме тарапынан қарқынды әрі сапалы жұмыс жүргізілуі қажеттігін ерекше атап өтті. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры Орал Камал мен Сайрам және Бәйдібек аудандарының бөлім басшылары баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылхан Темірханұлы сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына табыс тілеп, қолдау білдіретінін жеткізді.
Жиын соңында сала өкілдері өзара пікір алмасты. Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан мен бірқатар бөлім мен мекеме басшылары ұсыныстарын ортаға салды. Алқа мәжілісінде көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Алқа мәжілісі мәдениет саласының дамуына жаңа серпін беріп, алдағы жоспарларға нақты бағыт-бағдар сілтеді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/973048?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау