ТҮРКСОЙ: Маңғыстауда күллі түркі жұртына ортақ қасиетті нысандар баршылық

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бауырлас елдер арасындағы ортақ мәдениетті насихаттау үшін түркі елдері арасынан жыл сайын «Түркі әлемінің мәдени астанасын» таңдайды. Биыл Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Бұл атақ 2024 жылдың қарашасында Түрікменстан астанасы Ашхабатта өткен ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің 41-отырысында бекітілді. Былтыр бұл міндетті Түрікменстанның Әнеу қаласы атқарған еді, деп хабарлайды otpannews.kz.

ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев egemen.kz сайтына берген сұхбатында Түркі әлемінің астанасы ретінде Ақтау қаласын таңдаудағы басты ұстанымы жөнінде айтқан.

– Маңғыстау өңірі ТҮРКСОЙ ұйымының мақсаты үшін өте қолайлы аймақ. Мұнда күллі түркі жұртына ортақ қасиетті нысандар баршылық. Тіпті бұл өлке ашық аспан астындағы мұражай іспетті. Келген қонақтар Бозжыра, Ыбықтының сайы, Шерқала сынды ерекше табиғат тартуын тамашалайды. Ақтаудан жүз шақырым жердегі Торыш алқабына барсаңыз, көз алдыңызда көлбеңдейтін сұлбалар таңдандырмай қоймайды. Маңғыстау өңірі «362 әулиелі» жер. Халқы Шопан ата мен Бекет ата есімдерін пір тұтады, ерекше құрметтейді. Қарт Каспийдің өзі бес мемлекетпен шектесіп, Түрікменстан, Әзербайжан, Қазақстан секілді түркі мемлекеттеріне ортақ қазынаға айналып отыр. Осылайша, талайдың назарын өзіне аударған аймақ бүгінде туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Бозашы түбегіндегі ең көне мұнай-газ кен орындарының бірі – Қаламқас. Бұл атау әйгілі батыр қыздың есімімен байланысты. Аңыз бойынша, Қаламқас – Бектеміс әулетінің қызы, ол ерте заманда Бозашы түбегінде өмір сүрген. Заты әйел болса да, жастайынан ер адамдармен бірге жауға шапқан көрінеді. Бірде елге жау шауып, еркек кіндіктілер жауға аттанған сәтте ол қарттар мен балаларды асырауды өз мойнына алады. Қаламқас серіктерімен бірге бір түнде құдық қазып, сол жерде азықтарын сақтаған. Даланың қоңыр аңы ақбөкенді арнайы дайындалған орға айдап бара жатқанда оның аты сүрініп, өзі терең шұңқырға құлап, қаза табады-мыс. Батыр қыздың есімі бүгінге дейін ұмытылмай, осы аймақта ғана емес, ежелгі қорымда да сақталып, ескерткіш те орнатылған. Мұны біреу білсе, біреу біле бермейді. Ежелгі түркі халықтарының патшайымы Томирис іспетті жаужүрек қыз шыққан бұл мекеннен. Тарихқа бойлай берсе, сыршыл мекен Маңғыстау туралы сан мың хикая айтуға болады. Сол себепті біз, қасиет тұнған қазыналы өлкені әлемге кеңірек таныта түсуді көздеп отырмыз. Осынау киелі мекеннің орталығы Ақтау қаласын «Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» деп жариялаудағы мақсат осы, – дейді Сұлтан Раев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-udr/press/news/details/967278?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version