«Таза Қазақстан»: теміртаулықтар жағалаулар мен су қоймаларын қоқыс пен торлардан тазарту акциясын қолдады  

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Теміртаудағы Самарқанд су қоймасында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасының бір бөлігі – «Таза жағалау» акциясы басталды. Ол 30 мамырға дейін жалғасады. 

Осы уақыт ішінде Самарқанд су қоймасының барлық учаскелерін ғана емес, Ботақара көлін, Көгілдір тоғандарды, Федоров, Ынтымақ және Саран су қоймаларын да тазарту жоспарланып отыр.

– «Таза жағалаулар» акциясы – «Таза Қазақстан» науқаны аясындағы маңызды бастамалардың бірі. Ол республикамыздың су ресурстарын сақтауға бағытталған. Бүгінде біз балық шаруашылығы су қоймаларына тасталған және иесіз қалған балық аулау торларынан тазалап, жағалау аумақтарындағы қоқыстарды жинап жатырмыз, – дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев. – Экологияны қолдау – ортақ міндет.

Акцияға табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік инспекторлар, балық шаруашылығының өкілдері, еріктілер, экологиялық белсенділер және жергілікті тұрғындар қатысты.

Теміртаудағы № 16 мектептің экология пәнінің мұғалімі, «Отражение» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Варганова оқушылармен бірге акцияға келді. Ол мұндай іс-шаралар жастардың жаңа ойлау бағыты мен табиғат үшін жауапкершілігін қалыптастырады деп санайды.

– Бұл акцияны барлық экологиялық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар қолдады, – деді ол. – Біздің ортақ мақсатымыз – болашақ ұрпақ үшін табиғатты сақтау, су қоймаларының экологиясын жақсарту. Мен мұны сенбілік деп атамас едім: жастар қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлестерін қосу үшін жүрек қалауымен келді.

№ 16 мектептің он бірінші сынып оқушысы Алина Кочетова үшін экология – өмірдің бір бөлігі. Ол тренингтерге қатысады, әлеуметтік желілерде тақырыптық парақша жүргізеді, ауа сапасы мәселелерімен айналысады.

– Біз мұнда отбасымызбен жиі демалып тұрамыз. Мен үшін қаламыздың және оның төңірегінің таза болуы маңызды. Бұл тек билікке ғана емес, әрқайсымызға да байланысты, – деп есептейді мектеп оқушысы.

Акцияға қатысушылар табиғат жағдайына жеке жауапкершіліктерін сезінетінін атап өтті.

Қарағанды индустриалды университетінің бірінші курс студенті Әлия Ескендір Шымкент қаласының тумасы. Ол да акцияға қосылды.

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Қай жерде болсаң да, өз еліңнің экологиясы мен табиғатына қамқорлық жасау маңызды, – деп атап өтті бойжеткен.

Қорықшылық қызметтің бастығы Василий Волков демалушыларды табиғатты қорғауға шақырды, өйткені олар қолайлы демалыс пен табиғи ресурстарды сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

– Жағалау бойында қоқысқа арналған арнайы контейнерлер орнатылған, олар тұрақты түрде тазартылып отырады. Балықшылармен бірге біз жаз бойы аумақты жинап жүреміз. Өткен жылы су қоймасын балықтандырып, тұқы жібердік. Биыл ол шараны қайталауды жоспарлап отырмыз, – деді Василий Волков.

Акцияның басты мақсаты – балық ресурстарын сақтау, олардың тіршілік ету ортасын қорғау және су фаунасының табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау. 

Оған қатысушылар жағалаулар мен су қоймаларын қоқыс пен торлардан тазартады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/982052?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version