Жауырынға жоғары дәлдікпен жасалған ота: алматылық травматологтар сирек кездесетін сынықты сәтті емдеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 39 жастағы ер адам сол жақ жауырын тұсындағы қатты ауырсыну мен ісінумен түсті. Ауырсыну тыныс алған сайын, қозғалғанда, тіпті дем шығарғанда да күшейе түскен. Қарап-тексеруден кейін оған сол жақ жауырынның ығысуымен болған жабық, көпсүйекті сынығы диагнозы қойылды. Бұл – өте сирек кездесетін әрі міндетті түрде хирургиялық араласуды қажет ететін күрделі жарақат түрі.

Науқастың айтуынша, жарақат тұрмыстық жағдайда орын алған. Үйдегі шамды ауыстыру үшін жима сатыға көтерілген ол абайсызда тепе-теңдігін жоғалтып, арқасымен еденге құлаған. Сол сәтте жауырын тұсынан қатты ауырсыну мен сықыр естіген. Бірден жедел жәрдем шақырылып, алдымен аудандық ауруханаға жеткізілген. Онда компьютерлік томография жасалып, алғашқы көмек көрсетілген. Жарақаттың күрделігін ескерген дәрігерлер оны шұғыл түрде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) жолдаған.

Ота бір сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Дәрігерлер сүйек сынықтарын ашық әдіспен қалпына келтіріп, арнайы реконструктивті пластина мен бұрандалар арқылы бекітті. Мұндай ота, әсіресе жауырын секілді күрделі құрылымды сүйекте, айрықша дәлдікті талап етеді.

Ота жасаған бригада құрамында: – ҚЖШККА травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Медет Жанысов, – травматологтар Руслан Юсупов пен Жомартбек Ерегулов, – анестезиолог Асылхан Сарсенбеков, – оталық медбике Гаухар Кеңшілік болды.

— Мұндай сынық кезінде басты мақсат – сүйекті жай ғана бекіту емес, оны алғашқы анатомиялық пішініне дейін дәл қалпына келтіру. Бұл буын қозғалысының толық сақталуын қамтамасыз етіп, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді. Ота еш техникалық қиындықсыз өтті, науқастың жағдайы тез тұрақталды, – деп атап өтті Медет Жанысов.

Команданың кәсіби әрі үйлесімді жұмысының арқасында науқас санаулы күннен соң өздігінен қозғала бастады. Ауырсыну біртіндеп басылып, жалпы жағдайы жақсарды. Алтыншы күні ол тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға амбулаторлық бақылауға жіберілді.

— Мұндай ауыр жарақаттан кейін осыншалықты тез аяққа тұрамын деп күтпедім. Дәрігерлерге алғысым шексіз – олар кәсібилігімен қатар, әр науқасқа сенім мен үміт сыйлай біледі екен. Бұл – нағыз шабыт беретін күш, – деп алғысын білдірді пациент.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/982048?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version