Бруцеллёз – бұл адамның сүйектері, бұлшықеттері, жүрегі, қан тамырлары, жүйке жүйесі, бүйректері зақымданатын созылмалы бактериялық инфекция. Жұқтыру көзі – жануарлар.
Жұқтыру қаупі бар жануарлар:
- ешкі мен қой;
- ірі қара мал;
- шошқалар.
Адам үшін ең қауіптісі – ұсақ мал, себебі олардан жұғатын бактериялардың токсиндері өте күшті.
Бруцеллалар қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталады:
- топырақта – 6 айға дейін;
- сүт өнімдерінде – 2 айға дейін;
- етте – 20 тәулікке дейін;
- жұқтырылған сүттен жасалған ірімшікте – 3–4 айға дейін;
- мұздатылған немесе тұздалған етте – 1,5–2 айға дейін.
Қайнату кезінде қоздырғыштар бірден жойылады.
Бруцелла – адамның ағзасындағы жасушалардың ішінде өмір сүріп, көбейе алатын бактерия. Ол жерде иммундық жүйеге көрінбейді. Сондықтан организм бұл бактериямен күресе алмай, ауру созылмалы түрге өтеді.
Бруцеллёзбен жұқтыру жолдары:
- жұқтырылған сүт, сүт өнімдері немесе етті тағам ретінде тұтыну;
- жүн, көң, төсеніш, топырақтан көтерілген шаңды жұту;
- жануарлармен тікелей байланыста болу, етті бөлу кезінде қолда жара, сызаттар болса.
Бруцеллёз адам ағзасындағы түрлі жүйелерге әсер етеді:
- тірек-қимыл аппаратына;
- жүрек-қантамыр жүйесіне;
- тыныс алу жүйесіне;
- ас қорыту жүйесіне;
- зәр шығару-жыныс жүйесіне;
- жүйке жүйесіне;
- лимфа түйіндері мен көкбауырға.
Бруцеллёздің салдары мен қалдық белгілері:
Ауру кезінде иммундық жүйе өзгеріске ұшырайды – аллергиялық реакцияларға бейімділік артады. Сонымен қатар, ағзаның ішкі мүшелерін, қан тамырларын, тер бездерін реттейтін вегетативтік жүйке жүйесінің қызметі бұзылады.
Аурудан кейін ұзақ уақыт бойы мынадай қалдық құбылыстар сақталуы мүмкін:
- шамадан тыс терлеу;
- ашуланшақтық;
- көңіл күйдің күрт өзгеруі.
Буын аурулары – дене қимылы немесе ауа райы өзгерген кезде пайда болады. Буын маңындағы сүйек тінінің өсуі салдарынан буын деформацияланып, қозғалысы шектеледі. Қозғалыс мүлдем шектелсе, ота жасау қажет болуы мүмкін.
Бруцеллёз – әртүрлі белгілермен байқалатын ауру, сондықтан оны тек дәрігер қарап, бірден анықтау қиын. Ауруды нақтылау тек зертханалық анализдер арқылы мүмкін болады.
Бруцеллёздің алдын алу шаралары:
- Ауыл шаруашылық жануарларын міндетті түрде вакцинациялау.
- Мал басын жүйелі түрде бруцеллёзге тексеру.
- Ауру мал анықталған жағдайда – оқшаулап, ветеринарлық бақылаумен сою.
- Жануарларға күтім жасау кезінде жеке қорғану шараларын сақтау:
- жұмысқа дейін және кейін қолды жуу;
- жұмыс орнында тамақ ішпеу, шылым шекпеу;
- арнайы жұмыс киімін (халат, қолғап, резеңке етік, алжапқыш, орамал) пайдалану;
- малдың туу процесі кезінде міндетті түрде резеңке қолғап кию.
- Өнімдерді тек рұқсат етілген сауда орындарынан (базарлар, дүкендер) сатып алу. Ет немесе сүт сатып алғанда сапа мен қауіпсіздікті растайтын құжаттарды талап ету.
- Жеткілікті қайнатылмаған ет, шикі сүт, жетілмеген ірімшік пен брынзаны тұтынбау.
Есіңізде болсын!
Бруцеллёздің алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда жеңіл.
Бас маман Ысқақова Әлия
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kamystin-audany-akimat/press/news/details/983900?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау