Орталық коммуникациялар қызметінде ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының бастамасымен жыл сайын өткізілетін Еуропалық иммундау апталығына арналған сарапшылар брифингі өтті. Биыл Еуропалық иммундау апталығы ағымдағы жылдың 27 сәуірі мен 3 мамыры аралығында “Баршаға ортақ иммундауға қол жеткізу – біздің қолымызда” ұранымен өтеді.
Науқанның мақсаты – жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакцинациямен жаппай қамтудың маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру. Биыл студенттермен, жалпы жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөліндуде. Қазақстан Республикасында жоспарлы иммундау бағдарламасы қарқынды жетілдіріліп, кеңейтілуде.
2024 жылы Ұлттық егу күнтізбесіне адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация енгізілді. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Сондықтан, АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу еліміздің болашақ ұрпағының денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам болып табылады.
Қазіргі уақытта иммунизациялау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакцинациялауды қамтиды. Жыл сайын республика бойынша 4 млн. астам адам егіледі.
Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында қызылшаға қарсы 6 жасқа дейінгі 153,9 мың бала егілсе, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы – 75,9 мың бала жоспарлы екпе алды. Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде АПВға қарсы 1 дозамен 11-13 жастағы 133 169 қыз бала егілсе, 2 дозамен – 21 194. Екпе алғандардың арасында екпеден кейін жағымсыз жағдайлар тіркелген жоқ.
«Иммундаудың арқасында 1996 жылдан бастап полиомиелит, 2009 жылдан бастап дифтерия жағдайлары тіркелмеді. Соңғы 34 жылда халық арасында сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды: эпидпаротит – 100 еседен астам, А вирустық гепатиті – 32 еседен астам, В вирустық гепатиті – 92 есе, қызамық – 2 мың еседен астам төмендеді. Сіреспемен сырқаттану деңгейі тұрақты – аурудың тек бірлі-жарым жағдайлары тіркеледі – 1990 жылы – 13 жағд., былтырғы жылы – 2 жағд.», – деді Комитеттің басқарма басшысы Н.Әзімбаева.
Алайда, соңғы 2-3 жылда біздің елімізде, көптеген елдерде сияқты, қызылша мен көкжөтел бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық байқалады. Бұл ретте, жағдайлардың басым көпшілігі жоспарлы вакцинация алмаған балаларға тиесілі (қызылша бойынша 75%-дан астамы және көкжөтел бойынша 87%-ы егілмегендер).
Елімізде екпеден бас тартушылардың саны жыл сайын артып келе жатқаны алаңдатады, тек ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 7 мыңға жуық ата-ана балаларын ектіурден бас тартты, бұл қызылша мен көкжөтел бойынша ағымдағы жағдайға әсер етеді.
Уақытылы екпе алу – түрлі аурулар мен олардың асқынуларынан сенімді қорғану.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/983018?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау