Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер тұрғын үй қорынан пәтер алу, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, шағын кәсіпкерлікті дамытуға жер бөліп, тау баурайындағы демалыс аймағына электр жүйесін жүргізуді өтінді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ардагерлерге көше атын беру, Ленгір қаласы Қапал батыр көшесіндегі Мәуліт мешітінің жанына автотұрақ салып, жол қауіпсіздігін сақтау үшін кедергілер орнатуды сұранды.
Аудан басшысы пәтерге қатысты сұрақ қойып, өтінішпен келген азаматтарға Төлеби ауданында тұрғын үй кезегінде 6 мыңнан астам тіркелгенін, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 баптарына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіппен және кезек ретімен берілетінін түсіндірді.
Ешкімге кезексіз үй берілмейді. Әлеуметтік баспана кезекте тұрған азаматтарға заң шеңберінде және тек кезек бойынша беріледі. Заңда көрсетілген санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтардың құқығы бірдей болғандықтан, ешкімге артықшылық жасалмайтынын айтты.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлы Жеңіс күнін кең көлемде дәріптеу және батырлардың өшпес ерлігін жадымызда жаңғырту қажеттігін атап өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 1147 қаулысымен 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындалу және оны мерекелеу жөніндегі “Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі” атты бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін елді мекендерге, көшелерге, оқу орындарына беру үшін ономастикалық комиссияға ұсыныс берілетінін жеткізді.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қабылдау барысында азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар сауалына жіті назар аударған аудан басшысы салаға жауапты орынбасарларына, бөлім басшыларына мәселелердің заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау