Ақтөбе облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын атап өту мәселесі талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісі барысында екі маңызды күннің, сондай-ақ мамыр айының басқа да мерекелері – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Отан қорғаушылар күнінің іс-шаралар жоспары талқыланды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова атаулы күндерге дайындық аясында облыста тарихи жадыны сақтауға және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде концерттер, театрландырылған қойылымдар, патриоттық акциялар мен көрмелер жоспарланғанын жеткізді.

Биыл 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келеді. Бұл күні 50-ден астам мәдени іс-шара өткізу жоспарлануда. Негізгі мерекелік іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алдындағы алаңда өтеді.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында 6 мамыр күні Өнер орталығында «Ер еліне қорған!» мерекелік шара өткізіледі. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін Мәдениет үйлерінің алаңдарында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

7, 8, 9 мамырда Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия» мюзиклінің премьерасы сахналанады.

Жеңіс күні 9 мамырда Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштеріне, оның ішінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Даңқ обелискісіне және өңірдің басқа да ескерткіш орындарына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сол күні кешке «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының алаңында «Жеңіс жалыны – жүректе» концерті өтеді. Сондай-ақ, концерттік бағдарламалар Даңқ обелискінің алаңында, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешенінде, Орталық стадион, «Авиатор» алаңы, Сазды мәдениет үйі алаңы, Есет батыр, Қурайлы, Нокин тұрғын алаптарында концерттік бағдарламалар жоспарланып отыр.

Алтынай Юнисова Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеуге тоқталып, негізгі мереке маусым айында – аты аңызға айналған жерлесіміздің туған күнінде өтетінін алға тартты. 12 маусымда мереке Әлияның туған жері Қобда ауданында және 13 маусымда Ақтөбе қаласында өтеді.

Қобда ауданының Әлия және Бұлақ ауылдарында құрметті қонақтардың, қоғам өкілдерінің, оқушылар мен жастардың қатысуымен мерекелік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырлмақ.

Мереке аясында Ақтөбеде Әлия Молдағұлова мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі, мемориалдық мұражай бойынша экскурсия және «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы өтеді. Бұл форумға республикадан қонақтар, оның ішінде Әлия Молдағұлова туыстары, Қазақстанның Халық әртісі, «Әлия» әнін орындаушы Роза Рымбаева, Қырғызстанның халық әртісі, «Әлия» рөлін сомдаушы актриса Айтуған Темирова, Ақтөбеден шыққан белгілі тұлғалар мен «Әлия» туралы шығармалардың авторлары және республика бойынша Әлия атындағы мектеп, музейлердің өкілдері келеді деп күтілуде.

Бұл күні «Әлия» мюзиклінің көрсетілімі қойылып, жергілікті эстрада жұлдыздары қатысатын «Әлия-ғұмыр» гала-концерті өтеді.

«Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы күнтізбедегі маңызды күн ғана емес, бұл патриоттық тәрбие, тарихи жадыны сақтау және өскелең ұрпаққа үлгі көрсету тұрғысынан ерекше маңызы бар оқиға. Біз әрбір іс-шараға толық жауапкершілікпен қарауымыз керек және оларды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуіміз керек. Бұл біздің тарих алдындағы және болашақ ұрпақ алдындағы борышымызә, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-kargala/press/news/details/980810?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version