2025 жылғы 21 сәуірде ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұжымымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі Қ.Байгебаев, ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы А.Әлиев пен жеке құрамы, аудандық және оған теңестірілген соттардың сот әкімшісі басшылары мен мамандары бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасынан туындайтын негізгі міндеттер және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар үшін көзделген заңнамалық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.
Қ.Байгебаев өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тек құқықтық тетіктер ғана емес, сонымен қатар ұжымішілік тәртіп пен моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген мәдени құралдардың да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Іс-шара аясында қатысушыларды адалдық пен әділеттілік, сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң ұстануға шақырды.
Өз кезегінде А.Әлиев мемлекет пен құқық ұғымдарының, заңдардың сақталуы мен азаматтық міндеттерді адал орындаудың маңыздылығына тоқталды. Ол сот саласының қызметкерлерінің кәсіби әдебі мен жоғары жауапкершілігі құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор екенін атап өтті.
Кездесу соңында арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мазмұнды жауаптар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-zhambyl/press/news/details/980554?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау