Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Суды үнемде – болашақты сақта» атты су үнемдеу тақырыбындағы республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Министр балаларға бағалы сыйлықтар, ал ұстаздарына алғыс хаттар табыс етті.
Сондай-ақ министр оқушылармен суға ұқыпты қараудың маңызын талқылап, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды қаласындағы №87 мектептің оқушысы Елизавета Бугаева мен Атырау қаласындағы Х. Ерғалиев атындағы №35 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Ғалымжан жеңімпаз атанған болатын.
Екінші орынды Ақтөбе облысы Жаңақоныс ауылының №69 мектебінің оқушысы Айзере Бибітова иеленді. Ал үшінші орын Астана қаласындағы Шәкәрім атындағы №56 лицейдің оқушысы Айла Шамильеваға бұйырды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен және Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен «Суды үнемде – болашақты сақта» атты сурет байқауы өтті. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам жұмыс келіп түсті.
«Барлық жүлдегер мен жеңімпазды шын жүректен құттықтаймын! Балаларға су ресурстары тақырыбына қызығушылық танытып, белсенділік танытқандары үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ ұстаздарға оқушылардың бойында суды үнемдеуге деген жауапкершілікті ерте жастан сіңіріп келе жатқандары үшін ризашылығымды білдіремін. Қоғамда су тұтыну мәдениетін қалыптастыру – біз үшін аса маңызды мәселе. Өткен аптада мен және әріптестерім Қазақстан бойынша мектептерде су үнемдеу тақырыбында сынып сағаттарын өткіздік. Бұл шараларға 700 мыңнан астам бала қатысты», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/981031?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау