АБДОЛЛАНЫҢ ЕРЛІК ЖОЛЫМЕН:
ЖЫМПИТЫДАН МӘСКЕУГЕ ЭКСПЕДИЦИЯ АТТАНАДЫ.
Бүгін Орал қаласында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, соғыстан оралмаған жауынгер Абдолла Жұмағалиевтың атындағы «Жеңісті жақындатқандар және ескерілмеген ерліктер» тақырыбымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның алқа отырысы өтті.
Конференцияның өзі 6 мамыр күні Жымпитыда өтеді деп жоспарлануда.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов Абдолла Жұмағалиевті тану, зерттеу жұмыстарын жандандыру қажет. Республикалық ғылыми шара – сол мақсаттан туған. Бұдан бөлек, Сырым ауданындағы өлкетанушылардың, журналистердің ұсынысымен таяу арада Жымпитыдан Мәскеуге экспедиция аттанбақ.
1941 қазанда Мәскеу от ортасында қалды. Осы кезде қолбасшы Рокосовский бастаған қалың қол Гудериянның танкісінің ауызына тірілей қақпақ болды. Басқа амал жоқ – тын.
Жалғыз өзі жаудың тұтас бөлімшесімен шайқасып, гвардия капитаны В. Григорьевтің ротасы қауіпсіз әрі қолайлы позицияға орныққанша дұшпанды алға адым аттатпаған, сол үшін өмірін отын қылған Абдолланың ерлігіне орыс халқы да бас июге тиісті. Ер шейіт болған ауылды табу, өртенген үйдің орынын іздеу – экспедицияның негізгі мақсаты. Сапар барысынан деректі фильм дайындалмақ. Сырым ауданы әкімдігі қолдаған жобаға “Жайық Пресс” ЖШС – нің түсірілім тобы аттанады.
Экспедиция жетекшісі, С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша архив Абдоллаға келген кезде “үнсіз”. Тарихшы – өлкетанушы Нұржан Төлепов та тілдей анықтамадағы “Можно считать убитым!” – деген жазуға қарап жүрек ауыратынын айтқан. Осы құжаттың ішінде жауынгер Жұмағалиевтің далалық поштасының номері көрсетіліпті. Бұл номермен ердің ерлігінің кілтін аша аламыз ба?! Сырымдық жоқшыларға Ресей Федерациясы, Волоколам қаласындағы іздеушілер де жәрдемдеспек.
Алқа отырысына белгілі ақын, журналист, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ғайса – Ғали Сейтақ қатысты. Сейтақ мырза жазу адамы әрі қала тұрғыны ретінде Абдолла Жұмағалиевке Оралдан көше атауын беру ұсынысын көтеріп жүргенін, бірақ оның ордені – медалі болмағаны істі ілгерілетпей тұрғанын айтып қынжылды.
Серік Әнуарұлы облыстық білім басқармасының өкілдерінен конференция жұмысына қолдау көрсетуді, Абдолла ақынның жырларын оқу сайысын ҚР Оқу ағарту министрлігінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығы негізінде педогагтардың аттестациясына жарамды конкурстар тізбесіне енгізуге ұсыныс даярлауды сұрады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/979551?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау