2025 жылғы 18 сәуірде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының іс-шаралары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасы Маджлиси милли Маджлиси Оли Төрағасы Рустами Эмомалимен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық және одақтастық қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағы, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстар талқыланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Тәжікстанға мемлекеттік сапары және бауырлас екі ел арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қоюы екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды оқиғалар ретінде аталды.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тұрақты даму үдерісіне қанағаттанушылық білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар екі мемлекет арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-dushanbe/press/news/details/979435?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау