Астана қаласында 2025 жылғы 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында елорда аумағында «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жайлы түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер қылмысының деңгейін төмендету, балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, сондай-ақ ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігін арттыру.
Алдын алу жұмысының негізгі міндеттері мыналар:
* Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу;
* Кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қатысты жасалған әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау;
* Білім беру мекемелерінде, көшелерде және қоғамдық орындарда бұзақылық пен қоғамға қарсы әрекеттердің жолын кесу;
* Балаларға қатысты қылмыстық әрекеттердің алдын алу.
Сондай-ақ, жедел-алдын алу іс-шарасының бір бағыты – мопедтер мен өзге де екі дөңгелекті көлік құралдарын жүргізушілер тарапынан Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, оның ішінде құқық бұзушылықтарды анықтап, көлік құралдарын айыппұл тұрағына қою.
Айта кетерлігі, 5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілгенін және 2025 жыл «Профилактика жылы» болып жарияланғанын ескере отырып, іс-шара аясында арнайы бөлімшелердің, соның ішінде мотоцикл взводының профилактикалық патрульдеуі күшейтілді.
«Жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары алаңдаушылық тудыруда. Жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларының жеткіліксіздігі салдарынан балалар жиі жол апаттарының құрбанына айналады.
Іс-шара аясында 1667 полиция қызметкері, білім беру саласының өкілдері және қоғам белсенділері жұмылдырылған.
2025 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша 604 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде шамамен 500 құқық бұзушылық – кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруі.
550-ден астам профилактикалық дәріс ұйымдастырылды», – дейді Ержан Әділбеков.
Рейд барысында Тараз көшесінде орналасқан кинотеатрдың ойын-сауық мекемесінде кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені анықталды. Бұл факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз болуы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Ал заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін заңды өкілсіз ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы жасалды.
Естеріңізге саламыз, профилактика – бұл балаларымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Ата-аналар мен ұстаздарды жасөспірімдердің тәртібі мен заңнама талаптары мен жол қозғалысы ережелерін сақтауына бақылауды күшейтуге шақырамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/980395?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау