БІР ЕЛ — БІР ЖОЛ
Көктемнің шуақты күнімен бірге ел ынтымағының айғағындай 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында бүкіл республика бойынша бір мезетте бастау алған “Бірлік жүгірісі – 2025” Сырым ауданында да ұйымдастырылды.
Жаппай жүгіру сағат 10:00-де барлық аймақта бір уақытта басталды. Сырымдықтар үшін белгіленген бағыт – Амангелді көшесінен Қадыр Мырза Әлі алаңына дейінгі 2 шақырым жол. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, ел ішінде татулық пен ынтымақтың тамыр жайғанын паш еткен ерекше сәт болды.
Аудан халқы бұл күнді шын мәнінде мерекеге айналдырды. Жүгіруге жас та, жасамыс та, ұжым да, отбасылар да жұмыла атсалысты. Солардың ішінде шын жанкештілікпен көзге түскен ұжым – А.Шайхиев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен М.Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі болды. Жүректері жігерге, денелері сергектікке толы бұл қатысушылар аудан жұртшылығына шынайы үлгі көрсетті.
Айрықша атап өтерлігі, жүгіріске қатысқан ең жас өрен – жеті жасар Абдурахим Берік пен ардагер спортшы Еркін Шуренов те марапат төрінен көрінді. Бірі – алдағы болашақтың, екіншісі – өткен тарихтың, темірдей тәртіп пен тектіліктің иесі іспетті.
Сырым жұрты үшін бұл жүгіріс – жай ғана қашықтықты еңсеру емес, ортақ рухты, ұлттық ұстанымды, ұрпақтар сабақтастығын сезіндірудің жарқын көрінісі болды. Себебі бірлік – бұл тек ұран емес, әрекетпен дәлелденетін құндылық. Жүгіріс жолына шыққан әрбір жан – дәл осыны жүрегімен ұқты.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Суреттерді түсірген: Айман ӨТЕҒАЛИ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/987791?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау